Жамбыл облысының әкімі өңірдегі су қоймаларының техникалық жағдайын тексеруді тапсырды (ФОТО)

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінде хабарланды. «Келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол бермес үшін барлық су қоймаларының техникалық жай-күйін тексеру қажет», - деді облыс әкімі К. Көкірекбаев.

Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ақпаратына сүйенсек, су қоймаларындағы су қорлары бүгінде 65-70 пайызды құрайды. Ірі және шағын су қоймаларындағы су деңгейінің жағдайы күнделікті бақылауға алынған. Коммуналдық меншіктегі су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін «Жамбыл су қоймалары» кәсіпорнына 10,3 млн теңге бюджет қаражатына техника сатып алынды.

Облыстың табиғи ресурстарды және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Серік Қойбақов жеке иеліктегі жеті су нысанының төртеуі жөндеуді қажет ететінін хабарлады, бұл туралы олардың иелеріне ескертілді.


 Үш су қоймасына қатысты (Теріс-Ащыбұлақ, Тасөткел және Қырғызстан аумағында орналасқан Киров су қоймасы) айтар болсақ,  олардағы жағдай қалыпты, деп атап өтті  Шу-Талас   бассейндік инспекциясының басшысы   Жұмабек Мұхатов.