Екі апта бұрын Қырғыз билігі қордайлық диқандарға су бермей діңкелеткен. Түйткіл кейін облыс басшыларының араласуымен шешілген сияқты еді. Алайда Алатау асып жететін тіршілік нәрінің деңгейі тағы төмендеп кетіпті. Диқандар бұған енді жергілікті билікті айыптауда. Айтуларынша, суға жауапы мамандар оның басым бөлігін шенділердің алқабына бәсірелеп берген.
Назар Найзақараев, шаруа қожалығының басшысы:
-Сарыбұлақта Жолдасбаевтың яғни әкім орынбасарының , 360 га жері бар деп айтады. Варшакидзенің жері бар дейді. Заң бойынша баршамыздың құқығымыз бірдей дейді. Міне қорғау үшін шулап жүргенімізге бір ай болды. Не үйде жоқ, не жұмыста жоқ. Ол кісілерге су барып жатыр ал бізге жоқ.
Нәсібін жерден терген әлеумет енді кәсібін ауыстыруды көздеп отыр. Өйткені еткен еңбек зая кетуде. Жалпы саны 70-ке жуық шаруаның басым бөлігі қазір өздерін банкрот жеп жариялауға әзір. Мұндағылар негізінен жүгері мен жоңышқа егеді. Ағын судың болмауынан сол алқаптар қурап кеткен.
Шахмар Катамов, шаруа қожалығының басшысы:
-Өз басым бір жарым млн қаражат жұмсап жүгері ектім. Ол үшін жеке көлігімді де саттым. Қазір су келгеннің өзінде болар ісі болды.
Шаш етектен шығынға баттық деген шаруалар жыларман болып отыр. Айтуларынша, аптап ыстықтан енді 5 күнде қалған алқаптар күйіп кетуі мүмкін. Ал, атқамінерлер қуаңшылықтың себебін жергілікті биліктің қыңырлығынан емес, көрші елдегі электр станциясындағы апатпен байланыстырады.
Болат Саниязов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
-Қырғызстаннан келетін судың азайғаны рас. Өткендегі екі облыс әкімінің кездесуі бойынша меморандумға сәйкес 18 куб беру болатын. Бірақ бүгінгі күнге он жарым куб бізге келіп отыр. Себебі Қырғыстандағы ГРЭЦ-те апат болып орын тауып отыр. Бұл енді уақытша.
Дегенмен атқарушы билікке арқаны кеңге салуға ерте. Бүгінде сыйымдылығы 485 млн куб «Орто Тоқой» су қоймасындағы қор бес есеге азайып кеткен. Шенділер қазірден қамданбаса, Қордайдағы суармалы егістіктің барлығы қурап кетуі мүмкін.