Жамбыл облысының сыртқы сауда айналымы 5 млрд. теңгеге артты

Экспорт көлемі 84 млн. 369 мың., импорт 157 млн. 555 мың долларды құрады.

Облыстың саудадағы серіктестері Ресей, Қырғызстан, Қытай, Бразилия, Польша т.б мемлекеттер. Ресейден облысқа кокс, жартылай кокс, аммиак, Бразилиядан қант шикізаты, Польшадан жиҺаз, Қырғызстаннан шифер мен цемент әкелінеді. Облыс Ресейге фосфор қышқылы, кальций фосфаты, марганец концентраты, түрлі кендер, жеміс-жидек пен көкөністер, қант, ал Қырғызстанға шлак пен әктас, Қытайға ірі қара және ұсақ малдың терісі, қара металл қалдықтары мен химиялық өнімдер шығарады.
2003-жылдың қаңтар-қазан айларында өндіріп алынған кедендік төлемдер мен баж салығының мөлшері 2,5 млрд. теңгеге жетті. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 2 млрд. теңге болған. 10 айда облыстағы кедендік мекемелер 1218 заң бұзу дерегі бойынша 3 млн. 54 мың теңгенің айыппұлын өндіріп алды. 27 қылмыстық іс қозғалып, заңсыз есірткі айналымына қатысты 58 дерек тіркеліп, тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді.
Жамбыл облыстық кедендік қызметі бастапқыда Шымкент кедендік бекетінің бір бөлімшесі ретінде 1991-жылдан бастап жұмыс істесе, 1993-жылдан бері жеке облыстық басқармаға айналды. Қазір кедендік бақылау департаментінің құрылымына 9 кедендік бекет қамтылады. Олардың 5-і ұзындығы 650 шақырымды құрайтын Қырғызстанмен арадағы шекарада орналасқан.