Жамбылда 274 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жұмабеков облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы - 39,9, орташа мемлекеттік қызмет өтілі - 10,7 жыл екенін жеткізді. Сондай-ақ, бүгінде облыста Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының - 16, «Болашақ» бағдарламасының - 3 түлегі мемлекеттік қызметте тер төгіп жүр.

«Өткен жылы 505 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалса, оның 130-ының сынақ мерзімі аяқталмаған. Есепті кезең ішінде жалпы 1342 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланып, жоспар 100 пайызға орындалды. Соның ішінде қайта даярлау курсынан - 516 қызметші, біліктілігін арттыру курсынан 826 қызметші өтті»,-дейді Ержан Жұмабеков.

Айта кетейік, өткен жылы облыста  тестілеуден өтуге барлығы 6042 азамат өтініш білдірген. Өтініш білдірген азаматтардың ішінен 2520 адам немесе 41,7 пайызы тестілеудің шекті мәнінен өткен.