Жамбылда былтырғы дауылдан бүлінген үйлер әлі қалпына келтірілмеген

Адамды қаңбақтай ұшырып, талды тамырымен қопарған жел өткен жылы Сарысу мен Талас ауданы жұртының құтын қашырған. Табиғаттың  тосын мінезі жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың астан-кестеңін шығарды.

Кейін қазынадан қыруар қаржы бөлініп, қираған нысандар қайта қалпына келтірілген болатын. Бірақ жөндеу көрмей, ашық-шашық жатқан үйлер әлі де көп.

Төленді Сәулімбаев, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Біз тоқалдан туғандай, мына жақтың бәрін істеді де, біздікі шетте қалып кетті. Не істейтінімізді білмейміз. Енді осыған жағдай жасамайды. Бөлінген ақша қайда кетті?!

Тұрғындардың айтуынша, мына 29-шы үйдің шатыры ұшып кеткенде, билікке дереу хабар жеткен. Ондағылар, жөндеуге уәде беріп, тек күтулерін өтініпті. Алайда жылға жуық уақыт өтсе де, қозғалған ешкім жоқ.

Роза Әбдібекова, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- 7 жылға несие алып, өзідерің жауып алыңдар, менде қазынада ақша жоқ дейді.

Көп қабатты үйдің сырты бүтін, іші түтін. Төбесі шұрық-тесік, тіпті кіре-берісте тұрып аспандағы жұлдызды санауға болады. Бөлмелердің іші адам көргісіз, жауын жауса, азаптың көкесін көреміз дейді тұрғындар.


- Қатты бораннан мынау қабырғасы құлады, бұл жерде жылу да жөнді жоқ. Су шылқылдап аққан кезде, көл-дария, паласқа кетеді.

Шенділердің айтуынша, тұрғын үйдің 8 шаршы метрі ғана зардап шеккен. Мұнысын шаһар басшысы тіпті, шатырға шығып дәлелдемек болды. Бірақ  нысанның 8 метрдейі емес, 80 пайызы бүлінгеніне көзі жеткізді.  

Дәурен Шалабаев, Жаңатас қаласының әкімі:

- Бұл жерде демеушілердің көмегімен, төбесін жауып береміз деген уәде бар. Соған қарап отырмыз. Уақытта тапшы болып келе жатыр. Бұл кісілердің жағдайын да түсінуге болады. Ертең жауын жауса, су өтіп кетеді.

Қазынадан көк тиын бөлуге қауқарымыз жоқ деген билік, «Сенім» компаниясына үміт артуда. Ал, жұрттың серіктестікке көңілдері толмайды. Жөндеу жұмыстарын баяу жүргізеді деп отыр. Мәселен, мына үйдің шатырын жауып жатқандарына бірнеше ай болыпты. Қашан аяқталатыны да белгісіз. Ал, 29-шы үйдің кезегі келгенше, қар жауып кететін түрі бар.