Жамбылда той кортежінің көлігі жол апатын жасап, жазықсыз адамдар қайтыс болды

Полицейлердің айтуынша, 14 шілде күні сағат 14:12-де Мерке аудандық ауруханасына шақырту келіп түскен. Қоңырау шалған адам Сыпатай батыр ауылының маңында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты болғанын айтыпты. Оқиға орнына жедел жәрдеммен бірге жол-патрульдік полициясының қызметкерлері де келіп жеткен.

Жамбыл облысының прокуроры Ернат Сыбанқұлов болса қайғылы жол апатының қалай болғанын айтып берді.

"27 жастағы жүргізуші тізгіндеген Mercedes-Benz Gelandewagen автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, ВАЗ-2114 көлігімен, одан кейін тағы екі көлікпен соқтығысқан. Олардың бірі жол-патрульдік полициясының қызметтік көлігі. Жол апатын жасаған Mercedes-Benz Gelandewagen көлігінің жүргізушісі той кортежінің құрамында болған", - деді облыс прокуроры.

Апат салдарынан ВАЗ-2114 көлігінде болған 1962 жылғы әйел мен 2015 жылғы қыз бала оқиға орнында көз жұмса, осы көліктің жүргізушісі ауруханада қайтыс болды. Өзге көліктерде болған тағы 4 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Олардың ішінде Mercedes-Benz Gelandewagen көлігінің жүргізушісі де бар.


"Күдікті сот санкциясымен қамауға алынады. Ал, қылмыстық істі облыстық прокуратура өз бақылауына алып отыр. Күдікті жүргізуші қазір ауруханада, емделіп шығысымен екі айға қамалмақ", - деді Сыбанқұлов.