Жәмиға Дәулет, айтыскер ақын: Қаракөз қызын сыйлаған қазағыма ризамын

Республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, жас талантты айтыскерлер, сондай-ақ Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінің танымал ақындары қатынасты. Қалай десек те тәуелсіздік тойына арналған айтыста көп нәрселер айтылды. Көрермендердің де көңілі елеңдеп ақындарға үлкен ықылас танытты. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабады» демекші Қытайдан келген Жәмиға Дәулетқызының екпіні тас жарғандай байқалды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сыналған шаңды бәйгеден бабы да, бағы да жанып, Аламан бәйгенің бас жүлдесін сол Жәмиға қыз қанжығасына байлады. Кестелі көркем тілімен халықты тәнті еткен ақын қызымызды жүлдесімен құттықтап, аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

-Жәмиға, атажұрттың аламан айтысындағы бас жүлдең құтты болсын!

- Рахмет, бұл қаракөз қызын құрметтеген халқымның пейілінің арқасы ғой. Қонағын құдайдай сыйлайтын дарқандығын көрсетті атажұртым.

-Қырық ақыннан оза шауып алған жүлде қандай көңіл-күй сыйлады?

- Бұл жолы алған бәйгеме қатты толқып та, қорқып та тұрмын. Толқып тұрғаным, бәлкім, мен бас бәйгені алатын айтыс жасамаған шығармын, бірақ осы бәйге - маған көрсеткен халықтың ықылас-қошеметі, артқан сенімі шығар. Осы жүктелген жауапкершілік келесі айтыста мені нағыз бас бәйгенің дәрежесінде сөз сайысуға жігерлендіретін шығар деп ойлаймын. Ал қорқатыным - ақыным деп алқаған елдің ақиқатын айта алмай қалам ба деймін?! Туған жеріміз болмаса да, ата-бабамыздың қаны тамған тарихи елімізге келіп мәре-сәре болып жатырмыз... Қарға тамырлы қазақпыз ғой! Ақынымыз деп алақанына салып сыйлап, маңдайымыздан сипап жатыр. Осындай өрелі айтыс ұйымдастырған Қазақ еліне рахмет айтамын. Айтыстың көшбасшысы Жүрсін Ерман ағамызға айтатын алғысым зор. Атқа мінер ағалар, төрде отырған төрелерден тартып көңіл бөліп жатыр. Алыстан келген қаракөз қызымыз деп, басқа да азулы жүйріктердің жүлдесін езуінен жырып беріп, сыйлаған халқыма рахмет айтамын! Менен басқа ақындар да жаман өнер көрсеткен жоқ, бірақ ағаларымыз қонағын құдайдай сыйлайтын қонақжайлығын көрсеткен болуы керек.

- Жалпы айтыс қалай өтті? Өз өнеріңді толық көрсете алдың ба?

- Айтыстың ұйымдастырылуы өте жақсы. Бәрі де ойдағыдай. Осы айтыста әттеген-айларым да көп болды. Бірінші айналымда түскен қарсыласым Иранғайып Күзембаевты бұрын танымайтынмын. Десе де, жаман болмады, сәтті өтті, ол да болса сол әріптесімнің арқасы деп ойлаймын. Екінші айналымда Ринатты сұрағаным шын, бірақ ол неге екені белгісіз менімен шығудан бас тартты. Кейін Мұхтар Ниязовпен айтыстым. Тартымды айтыс жасағандай болдық. Десе де, көңілдегідей көсіліп айта алмадым. Айтыс ортасында қызық жағдай болды. Менің сөздерім намысына тиді ме, ойламаған жерден көрермен ортасында отырған Ринат Зайытов сахнаға жүгіріп шығып, Мұхтардың домбырасын алып, жауап ретінде бірнеше шумақ өлең айтты. Мен сол бойы Ринатпен айтысып отырып қалам ба деп те ойлаған едім. Кейін ол қайта түсіп кетті. Осы тосын жағдай бір жағынан қызық болса, екінші жағынан айтыстағы назарымыз бөлініп, айтпақ ой ағынымызды арнасынан сәл алшақтатып жіберді. Бірақ халықтың ыстық ықыласы, айғай-шуы бәрін ұмыттырып жіберді. Жалпы, шоқтығы биік айтыс болды деп айта алмаймын.Түйінді қоғамдық мәселелерді айта алмадық, айтсам деген көп сөздерім ішімде кетті. Негізінен ауыз екі сөз қағыстыру көп болды. Өз басым Қытайдағы қазақ ақындарының суырып салмалық шеберлігін көрсете білдім деп ойлаймын.

- Бұл жолы біраз мемлекеттен ақындар келді. Қай елдің ақындарының қандай ерекшеліктері бар екенін байқай алдың ба?

- Әрине, әркімнің өз деңгейі, ерекшелігі бар ғой. Моңғолияның ақындары бірінші айналымда шығып қалды. Бірақ оларда кінә жоқ, себебі мемлекеттен қолдау болып, жылда ақындар айтысын өткізіп отырған жоқ. Тек бойындағы қазақи қаны жетелеп келіп отыр. Дүбірлі той болып жатыр деп, қуана жеткеніне мың алғыс. Ал Өзбекстаннан бір ақын келді. Одан да бәлендей жаңалық, артықшылық байқай алмадым. Қырғызстаннан Аалы Тұтқышев деген ақын келіпті.Ұлты қырғыз болса да мен оның айтысын жоғары бағаладым. Ол тап-бермеде тауып айтатын ерекшелігін байқатты. Меніңше, Қазақстан ақындарының ой өресі көп жоғары, себебі қасиетті қазақ елінде қойнауы мол, тарихы терең мәдениеттен сусындап, қарымды ақын жазушылардың шығармаларынан нәр алып, тұнық бастаудан қанып ішіп жатқан ақындар. Әрине, олардың ойы неге терең болмасқа?! Қазақстан ақындарының кең көсіліп, еркін айтуы, ой баптауы, халыққа жеткізуі жақсы. Ал суырып салмаға келгенде Қытай қазақтарының ақындары басымдау деп ойлаймын. Біз жақта уақыт қысқа беріледі, сол себепті қысқа да нұсқа айтуға, ауыз екі сөз саптауға тура келеді. Оның үстіне бізде көбінде тақырып шектеулі, белгілі шеңбер ішінде айтамыз. Осы жағдайлар да тап-бермеде тапқыр ой айтуға жетелеген болу керек.

- Төрт ақынның шашбауын көтеріп Қытайдың мәдениет саласындағы ресми адамдары да келгенін байқадық. Жалпы, Қытай мемлекетің айтыс өнеріне көзқарасы, қолдауы қандай?

- Қытайда қаймағы бұзылмаған мәдениеті бай, тілі тұнық, бір шоғыр қазақ жатқанын баршаңыз білесіздер. Соның ішінде осы айтыс өнері ерекше жақсы дәріптелген. Билік тарабынан да жақсы қолдауға ие. Жыл сайын облыс, аймақ, аудан көлемдерінде әр түрлі деңгейдегі ақындар айтысы өтіп тұрады. Халықтың ықыласы да ерекше, «Айтыс» десе тайлы-тұяғымен қалмай барады. Осы жолғы айтысқа да қаражатпен қамтамасыз етіп, баптап үкілеп әкеліп отыр. Осындай жағдай жасап отырғанда, біз жақсы жыр төкпесек, өзімізге сын. Мен осы жолғы бас бәйге алғаныма - жеке басымның емес, арттағы көз тігіп отырған 2 миллионға жуық қазағымның үмітін ақтай алғаным үшін қуандым. Екіншіден, шетте тілі шымыр, ұшқыр ойлы ақындар бар екендігін, таза тілді қара орман ел бар екендігін осындағы жұртқа сездіре білгенім үшін қуандым. Сонымен қоса миллиард қытайға қазақ өнерінің бағасын, құдіретін тағы бір мәрте дәлелдегенім үшін қуандым. Олар да қазақ өнерінің жоқтаушысы бар екенін, халықаралық деңгейде айтыстың орны бар екенін ұғынды деп білемін.

- Осы жолғы айтыста өз көңіліңнен шыққан немесе қарсыласыңды тығырыққа тіреген жыр жолдарынан есіңде қалғаны бар ма?

- Алғашқы айналымда Еренғайыппен түскенде, ол маған «Сен еркек мінездісің, дауысың жуан, күйеуіңе қалай жағасың» дегендей сөздерді көлденең тартпақ болды. Сол кезде көмейімнен өрілген сөз мынау болды:

Жәмиға еркекшора қыз екен деп,

Қарадай таңғалғаның болмас маған.

Жігітім мінезімді ұнатады,

Өмірлік сүйенішім жолдас маған.

Басқалардан дауысың жағымды деп,

әріптес, сенен бұрын сол мақтаған.

Қыз едім Қабанбайдың Гауһарындай,

Тым төмен ұсақшыл болып кетіпті-ау,

Еренғайып секілді сергек балаң.

Тарамды тарихыма қарар болсақ,

Әйел мінез еркектер белді аспаған.

Еркек мінез әйелдер ел бастаған.

Осы жауабыма көңілім толады.

- Өзің туралы айта кетсең, айтыс өнеріне қалай келдің?

- Мен Шыңжаңның Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданында тұрамын. Құрманбек Зейтінғазыұлыдай ақыны өткен, Сұлубайдай батыры өткен өнерлілер мен ұлылардың мекені болған жер. Кешегі 13 мың адамдық «Қара жорға» биімен әлемді таңғалдырған да сол елдің ерлігі болатын. Нағашым ақын болған, атам да ақын кісі. Жалпы әкемнің інілері той-томалақта, ән салып өлең айтатын кісілер болатын. Солардың әсері болар, анамның ақ сүтімен, атамның қанымен келген Алланың берген қасиеті шығар. 9 жасымнан бастап терме айтқанмын, 17 жасымда айтысқа қызықтым. Содан бастап айтыс сахнасына бейімделдім. Алғашында айтысқа қызғушылықпен келдік, кейін білдім айтыстың салмағын, ақын дегенің Алаштың тілі мен жағы екенін, оның мойнында қара орман халықтың айтар ойы жатқанын бертін келе түсіндім. Үлкен сахнаға 2004 жылы көтерілгенмін. Қас қағымдай өте шыққан осы жеті жыл маған көп жетістіктер сыйлады. Содан бері ақынын ардақтаған Алаш алақанына салып әлдилеп келеді. Сол кешегі күркедегі өнерім бүгін күллі әлемге қанат қағып отыр. Бұл да болса бірінші, Алла тағаланың тарыдай таңдайыма берген бағы. Екінші, сол ақынын қолдап жатқан Алаштың арқасы деймін. Үшінші, Алла берген талантымды ұштауға ұмтылған талпынысым. Бүгінгі Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған аламан айтыс менің өмірімдегі ең үлкен айтыстың бірі. Ләйім, осы 20 жылдық Тәуелсіздіктің дүбірлі тойында өткен айтыс, алда да жалғассын.

- Негізгі мамандығың қандай?

- Менің мамандығым Алла берген айтыс өнері. Мектепен кейін арнайы ашылған ақындарды тәрбиелеу орталығынан білім алдым. Ол жерде айтыс дегеннің не екенін, оның жалпы бағыт бағдарын үйрендік. Табиғи талантымызды шыңдадық. Халықты аузыңа қаратып сөйлеу үшін өзіңнің де білімің болу керек қой. Мен білімді халықтың қазынасы - дала мектебінен алдым. Өнер жолым әлі алда, Алла бұйырса, міне жол ашылып жатыр. Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінен сусындасам, әлі де болса тарих туралы ізденсем деймін.

- Сіздерді осы додаға қалай іріктеді? Ол жақта сіздерден де өресі биік, «әттеген-ай» деп қалып қойған жүйріктер жоқ па?

- Әрине, ол жақта осы жолғы додаға жолы түспеген жүйріктер жетерлік. Өз көңілімде «әттең, сол келсе» дейтін ақындар бар еді. Амал не, бізге жолдама тек төртеу ғана болды. Екінші себебі - Шыңжаңдағы 3 қазақ облысынан бір-бір ақын келді. Ал өзім тұратын Алтай өңірінде де талай сөз мергендері бар. Бұл жолы арнайы іріктеу болған жоқ. Жоғарыдағы ағаларымыздың ақылдасуымен, бұрыннан көзге түсіп жүргендердің өресіне қарай шешім шығарды.

- Ал енді айтыста кімдерді ұстаз тұтасың?

- Алдағы ағаларға қарап өстім. Сүйінбай мен Қатағанның айтыстарынан нәр алдым. Сондай сүбелі сөз саптай білген бабаларға шынымен бас имей тұра алмайсың. Одан бері келсе, сол Шыңжаңдағы танымал ақын, 70 жасқа келгенше қолынан домбырасын тастамаған Құрманбек Зейтынғазыұлы ағамыздың өнерінен сусындадым. Өз көңілімде сол кісілерді ұстаз тұтамын. Одан бері Еркін, Шакен, Мұрал деген ағаларымызға қарап өстік. Ол кісілер әлі де өнер жолында, біз сол көштің жалғасымыз.

- Айтыстың халықаралық деңгейде өтуіне қандай баға бересің?

- Әрине, бұл бастама ұлтымыздың мәдениеті үшін, өз жауһарларымызды әлемге таныту үшін өте маңызды. Сонымен бірге ақындардың өзара тәжірибе алмасуы үшін тамаша орай. Халықаралық айтыс болғасын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар жиналады. Осындайда өз деңгейімізді білеміз. Жақсысын алып, өзара толығамыз. Алла бұйырса, алдағы айтыстарымда мен бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсететін боламын. Осы жолы көп нәрсені көңіліме түйіп, көп нәрсе үйреніп қайттым.

- Қазіргі ақындардан кімдерді жоғары бағалайсың?

- - Баршаңызға белгілі Жүрсін ағамыздың баптаған жүйріктерін жоғары бағалаймын. Барлығы да аузына құс тістеген дүлдүлдер. Балғынбек, Ринаттардың өресі биік. Жастарда Жандарбек Бұлғақов жақсы айтыс өрнегін көрсетіп жүр. Кеше ғана өзіммен айтысқан Мұқтар Ниязов та адуынды ақын. Басқа да сөз додасының мықтылары жетерлік...

- Қазақ елінің Астанасы қандай әсер қалдырды?

- Шынында, аз уақыттың ішінде ойламаған көркем қала салыпты. Аспанмен таласқан көпқабатты ғимараттар тәнті етті. Жүрегімізге қуаныш ұялатты. Қазағымнын осындай елордасы болғаны әлемдегі әрбір қазақтың қуанышы. Лайым, қасиетті қазақ елі көркейіп, Астана бұдан да сәулетті болып жайнай берсін.

- Ата жұртқа ат басын бұру ойыңда жоқ па?

- Болашақты Алла біледі. Таяу уақыттарда келу ойымда жоқ. Ол жақтағы 2 миллионға жуық қазақтың да жоғын жоқтап, мұңын айтатын ақын керек емес пе?! Қайда жүрсем де қазақ тілі мен мәдеиеті жолында өз жүгімді көтерсем деймін.

- Сөз соңында қазақ еліне деген тілегіңді бір шумақ өлеңмен түйіндесең деймін...

- Мұндағы ел қандасымыз, туысымыз,

Сағынып елжірейді қу ішіміз.

Ағайын ықыласыңа рахмет,

Қажет емес алтының, күмісіңіз.

Тілерім қасиетті бар қазағым.

әрдайым, шайқалмасын ырысыңыз.

- Әмин. Айтыстың аламанында тұлпарыңыздың тұяғы тозбасын.