Біздің бір әдетіміз бар ғой. Баламыз тілімізді алмай, көңілімізді қалдырса, «ана өзің секілді Сәлиманың баласын қарашы, қандай ақылды», «ана Еркіннің ұлын қарашы, жазуы маржандай» деп өзге балалармен салыстыра кетеміз.
Жұрттың баласы шынымен де ақылды шығар. Бірақ ол біздің баламыз емес қой. Біздің баламыз алдымызда отыр. Және ең жаманы не екенін білесіз бе? Мұндай сөздерді естіген балаңыз дәл қазір өзін ең ақылсыз, ең жаман балаға балап отыр. Бала санасында «мен жаманмын», «ата-анам маған разы емес», «мен нашармын», «мен төменмін», «мен ондай бола алмаймын» деген ойлар қалыптасып үлгерді.
Жігері жасыды, талабы мұқалды. Ол өсіп емес, іштей өшіп отыр... Сол секілді «менің күйеуіме ондай болу қайда, жұрттың күйеуі алтын ғой», «менің әйелім сондай болса, шіркііін...» деп жақыныңыздың жүрегіне жара салғаннан ешқандай пайда көрмейсіз. Себебі, кемшілік пен қателік әр адамның басында бар. Тіпті, әрі-беріден соң сіздікі жаман екен деп ешкім сізге жақсы адамды әкеліп бере салмайды ғой. Жақсы отбасы бір-бірін жетелеп, бір-бірін тәрбиелеп, кемшіліктерін түзете жүріп қалыптасады. Сондықтан, әсіресе, әйеліңіздің көзінше басқа әйелдерді мақтаудың жөні жоқ. Бұл оның қызғанышын оятады. Өз-өзіне деген сенімін азайтады. Әйелдің қызғануы – табиғи құбылыс, тіпті, Айша анамыз (р.а) да Пайғамбарды (ﷺ) өмірден өтіп кеткен Хадиша анамыздан (р.а) қызғанатын болған. Сондықтан ерлі-зайыптылар мұндай мәселеге барынша абай болғаны жөн.
Ақпарат көзі:
Асыл арна