Ашкөздік инвестициялық лудоманияға айналды: XXI ғасырдың қаржы пирамидалары несімен қауіпті?

Технология  дамып, заман өзгеріп жатса да, адамның табиғаты сол қалпында. Бұрын қаржы пирамидалары ақшаны конвертке тыққан, ал қазір криптовалюталық әмияндар арқылы қабылдайды. Нәтижесі бір - тақырға отырған халық. Осы ретте Caravan.kz медиа порталы жалғастырады. 

Соңғы шулы оқиғаларға тоқталайық. "Amir Capital" халықаралық инвестициялық қорының 10 миллион доллар көлемінде бағаланған активтеріне тыйым салынды. Салымшыларға криптовалютаға салымнан 10% табыс уәде етілген. Алайда 2021 жылдың соңында платформа ақшаны шығару мүмкіндігін «техникалық ақауға» сілтеп бұғаттап тастапты. Төлемдер қайта ашылмады. Тыйым тек криптоактивтерге ғана емес, Алматы облысындағы жер учаскесіне де қойылды.

«Мұндай компаниялар өте әдемі ұранды пайдаланады — криптовалюта, майнинг, трейдинг. Іс жүзінде ешқандай крипта жоқ, тек салымшылардың ақшасы жоғары тұрғандарға ауысып отырады», - дейді қоғамдық кеңес мүшесі әрі Stop Pyramida KZ жобасының негізін қалаушы Юрий Ли. 

Оған қоса, мұндай жүйелерге тек зейнеткерлер ғана емес, цифрлық құралдарды білетін адамдар да тартылады. 

«P2P-құралдардың арқасында зейнеткер де, студент те екі-ақ қадаммен ақшасын USDT-ке айналдырып, пирамиданың қолына түсіре алады», — дейді сарапшы.

Жоғарыдағы мысалдан да сорақысы бар. Қазақстандықтар үй алу үшін қаржы құйған «Рой» кооперативі. 

«Біз әпкем екеуіміз екі миллионнан салдық. Бізге пайызсыз, ипотекадан да тиімді пәтер береміз деді. Ақыр соңында ақша да жоқ, үй де жоқ. Ал ұйымдастырушы әлі бостандықта, қолма-қол ақша жинауын жалғастырып жүр», - дейді жалғызбасты алданған қала тұрғыны Анар Масатова. 

Адвокат Асқар Керімов бұл істің бір жылдан астам уақыттан бері тергеліп жатқанын, бірақ ұйымдастырушының әлі де еркін жүргенін растады. Оның айтуынша, мәселе тұтынушылық кооперативтер туралы заңның ескіргенінде. Ол халықтан ашық түрде ақша жинауды реттемейді, ашықтық пен аудитті талап етпейді. Соның салдарынан жүздеген мың адам тек жинақсыз ғана емес, баспанасыз да қалды.

«Осының бәрі көз алдымызда болған оқиғалар. Үш ірі кооператив „Асар Баспана“, „Аманат Драйв“ және „Рой“ шамамен 150 мың салымшы жинаған. Көпшілігі қолындағы үйін сатып, ақшасын салды. Енді бәрі құр қол қалды», — дейді Ли.

Шекесі тасқа тисе де…

Сарапшылардың пікірінше, қоғамдағы ашкөздік пен қаржылық сауатсыздық осындай жағдайларға қайта-қайта ұрынудың себебі. 

«Криптотрейдингтен жылына 72% табысқа қалай сенуге болады? Немесе әр сағат сайын дивиденд төленетініне кім сенеді? Бірақ адамдар сенеді. Өйткені бәрі әдемі қапталған, алғашқы төлемдер шынымен жасалады», — дейді Ли.

Салымшылардың басым бөлігінде «қаржы құралдары бойынша нөлдік түсінік» бар, дейді мамандар. 

Ашкөздік инвестициялық лудоманияға айналғаны ең қауіптісі. Адам жобаның сәтсіз әрі сенімсіз екенін түсінсе де, ақшасын сала береді. Ал пирамиданың жолы жабылған кезде, басқа схемалар шығады. Мысалы, ақшаны қайтарып береміз деп уәде ететін «жалған заңгерлер».

Сандар сөйлесін…

-Биылдың өзінде 35 пирамида жойылған;

-Шамамен 15 мың сайт пен 85 чат бұғатталды;

-400 мыңнан астам әлеуетті салымшы болған;

-Ресми түрде жәбірленуші деп танылғандар саны 112 мыңнан асады; 

-Жалпы шығын көлемі — 52 миллиард теңгеден асады. 

Заң неге дәрменсіз?

Заігерлердің айтуынша, Қылмыстық кодекстегі қаржылық пирамида құруды реттейтін 217-бап ескірген. Яғни, қылмыстық іс тек алданған адамдар жаппай ІІМ-ге арызданғанда ғана қозғалады. 

Сарапшылардың ұсыныстары мынадай:

-халықтан ашық ақша жинау туралы жаңа заң қабылдау;

-биржадан тыс ақша жинайтындардың барлығына міндетті аудит пен есептілікті енгізу;

-пирамидаларға қайта-қайта қатысып пайда тауып жүрген кәсіби салымшылардың табысын тәркілеу;

-лицензиясыз инвестицияға оқытатын «инфосығандар» мен жарнамаларды шектеу.

«Бізде МФЦА лицензиясынсыз криптовалютаға инвестицияны жарнамалауға тыйым салатын норма бар. Бірақ интернет „инфосығандардың“ курстарына толып тұр. Олар ондаған мың жазылушыны тартып, болашақ пирамидалардың құрбандарына айналдырады», - дейді Ұлттық блокчейн қауымдастығының төрағасы Даурен Қарашев. 

Қаржылық пирамидалар отандық «өнертабыс» емес. Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде де ұқсас схемалар жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар өз жобаларын елден елге оңай көшіреді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген мемлекеттер қатаң бақылау енгізген. Мысалы, англосаксондық құқықта халықтан ашық түрде ақша жинайтын кез келген компания әр тиыны үшін есеп беруге міндетті.

Ал Қазақстан әзірге «сұр аймақ» болып қалып отыр. Кооператив немесе қорды тіркеу оңай, ал бақылау минималды.

Осылайша, елімізде қаржылық пирамидалар эволюциядан өтті. Олар қағаз түріндегі салымнан криптоактивтер мен «тұрғын үй кооперативтеріне» ауысты. Ал мәні өзгерген жоқ. Жылтыраған сыртына қызыққан халық ашкөздіктен тез байып кетемін деп алдануын доғарар емес. 

Заң халықтың ақшасын жинау басталмай тұрып осындай схемаларды сүзгіден өткізуі керек дейді мамандар. Әйтпесе, құрбандардың саны арта бермек.