Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған шамамен 550 мың аккаунт өшірілген. Атап айтқанда, 2025 жылғы 4-11 желтоқсан аралығында Instagram желісінде 330 мың, Facebook-те 173 мың және Threads платформасында 39 мың аккаунт жабылған.
Meta үкіметке сала өкілдерімен «сындарлы ынтымақтастық» аясында қауіпсіз, құпиялылық талаптарына сай және жас ерекшелігіне сәйкес онлайн орта қалыптастыру қажет екенін атап өтіп, толық тыйым салу шараларын сынға алды. Сондай-ақ компания пайдаланушылардың жасын тексерудегі «келісілмеген» тәсілдерге назар аударды.
Осы аптада Энтони Альбанезе басқаратын үкімет 16 жасқа толмағандарға тиесілі әлеуметтік желідегі аккаунттардың жабылуына қатысты ресми деректерді жариялайды деп күтілуде.
Айта кетейік, Австралияда 10 желтоқсаннан бастап 16 жасқа дейінгі жастардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заң күшіне енді. Бұл талап X, Instagram, Facebook, TikTok, YouTube, Snapchat, сондай-ақ Reddit, Twitch, Threads және Kick платформаларын қамтиды.
Австралия үкіметі аталған заң арқылы алгоритмдер мен зиянды контенттің жастарға тигізетін кері әсерін азайтуды көздеп отыр. Егер компаниялар 16 жасқа толмаған балалардың аккаунттарын жою үшін тиісті шаралар қабылдамаса, оларға 49,5 млн австралиялық доллар (шамамен 32,9 млн АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.