Жаңа жыл қарсаңында бағаны ұстап тұру үшін аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдер алу басталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қараша айында азық-түлік емес тауарлардың баға индексі 0,7%, ақылы қызметтердің баға индексі – 0,8%, азық-түлік өнімдері – 1,1% болды. 

Ақылы қызметтердің өсуінің баяулауы байқалады, олар 2024 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының басталуына байланысты ең жоғары өсімді көрсетті (жылдық мәнде 13,3%).

Азық-түлік инфляциясын тежеу үшін аймақтарда көкөніс қорлары пайдаланыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 159,6 мың тонна көкөніс қорының 13,4 мың тоннасы сатылды. Ең көп сатылғаны – картоп (7,2 мың тонна), сәбіз – 2,1 мың тонна, пияз – 2,2 мың тонна, қырыққабат – 1,7 мың тонна.

Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне аймақтармен бірлесіп, негізгі азық-түлік өнімдерінің, соның ішінде жылыжайда өсірілген көкөністердің бағасын тұрақтандырып, жаңа жыл қарсаңында олардың жеткілікті мөлшерде сауда сөрелерінде болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Тұрақтандыру қорларында осы уақытқа дейін жинақталған азық-түлік қорын өңір нарықтарына жеткізу және оны ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері арқылы сатылымға шығару тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге әрі көкөніс және басқа өнімдерді қолжетімді бағада сатуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар жаңа жыл алдындағы негізгі азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуін тежеуге бағытталған.