Жанар-жағар май рыногіндегі жағдайды тұрақтандыру мәселесі бейсенбі күні үкіметте өткен кеңесте талқыланды

Атап айтқанда, кеңесте еліміздің мұнай өнімдері рыногінің субьектілері арасындағы келісіп баға белгілеу деректерін әшкерелеу және оны тыю жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық есебі тыңдалды. Арнайы жұмыс тобы уәкілетті органдар мен ұлттық компаниялар өкілдерінен құрылып, осы жылғы 14 қазанда өңірлерге іссапарға шыққан еді.

Тексеріс барысында 100-ден аса рынок субьектісінің әрекеті қамтылғаны атап өтілді. Жұмыс тобы бірінші кезекте мұнай сақтау қоймасындағы және жанар-жағар май бекеттеріндегі жанар майдың нақты көлемін және тексеріс жүргізген кездегі өңірлердің сұранысын назарға ұстады.
Сарапшылардың пікірі бойынша, талдау көрсеткеніндей, жанар-жағар майға бағаның артуының негізгі себебі ішкі рынокте мұнай өнімдерінің тапшылығынан болған. Қалыптасқан жағдайды пайдаланған жабдықтаушылар бағаны қасақана өсіріп жіберген.
Жұмыс тобы мүшелерінің ақпараты бойынша, баға келісіміне жол берген ірі топ анықталып отыр. Кеңесте мұнай өнімдерін сату кезінде кейбір өңірлерде оның бөлшек саудадағы құнының 1 литрі 15 теңгеге дейін негізсіз көтерілгендігі туралы нақты мысалдар келтірілді. Осы орайда, сарапшылардың айтуынша, бір өңірде мұнай өнімдеріне бағаның өсуі еш себепсіз өзге өңірде бағаның артуына ықпал еткен.
Жұмыс тобының жергілікті жерлерде жүргізген тексерісінің қорытындысы бойынша кеңесте Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында рынок субьектілері мұнай өнімдері рыногіндегі бағаны тұрақтандыруды қамтамасыз ету үшін өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жұмыс тобы мұнай өнімдерінің бөлшек сауда бағасының динамикалық өзгерісінің сұлбасын жасаған, соңғы уақытта жанар-жағар май құнының 1 литрі, республика бойынша, орташа есеппен 1 теңгеден 5 теңгеге дейін төмендегені байқалған.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мұнай өнімдері рыногіндегі жағдай тұрақтануда.
Сонымен бірге, үкімет басшысының пікірі бойынша енді отынның бағасын төмендету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет.
Үкімет басшысы энергетика және минералды ресурстар министрлігіне, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына және мүдделі өзге органдарға шикі мұнай тәрізді, оны өңдеуші өнімдер тәрізді, ішкі рынокты толтыру жөніндегі жұмысты күшейтуге тапсырма берді.
Жұмыс тобы ұсынған ақпартты тыңдай келе, премьер-министр баға келісімін тыю жөнінде алға қойылған міндетті жандандыруды және жұмыс тобының құрамын күшейтуді қатаң талап етіп, тексерісті жалғастыруға әрі бір аптадан кейін мұнай өнімдерімен жабдықтаушылар арасындағы баға келісімін табу және тыю жөнінде толық есеп ұсынуды тапсырды.
Анықталған жөнсіздік фактілері бойынша монополияға қарсы заңнамамен кінәлілерді жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту керек, деп атап өтті үкімет басшысы.
Кеңес барысында атап өтілгеніндей, осыған ұқсас кейбір фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) мұнай өнімдері рыногіндегі жағдайды одан әрі болдырмау мақсатында аталған бағытта жұмыстарын жалғастыра беретін болады.