Жанболат Мамай шартты түрде 6 жылға сотталды

Жанболат Мамайға журналистикамен айналысуға, қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласуға тыйым салынды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы  "Адырна" ұлттық порталына сілтеме жасап.

Мамай үш қылмыстық бап бойынша кінәлі деп танылған. Олар: "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап), "билік өкілін қорлау" (378-бап) және "тәртіпсіздік ұйымдастыру" (272-бап).

Белсендінің қоғамдық және саяси өмірге қатысуына тыйым салынды. Сондай-ақ одан 800 мың теңге ақша өндірілетіні айтылды.

Үкім заңды күшіне енгенше ол үйқамақта болады. Мамай сот үкімінің саяси астары бар екенін айтып, қарсы шағым түсіретінін жеткізді.


“Сот барысында он шақты куәгерлерден жауап алынды және олардың барлығы менің тәртіпсіздікке шақырмағанымды айтты. Бірақ соған қарамастан соттың осындай шешім шығаруының саяси астары бар деп есептеймін. Әлбетте біз бұл шешіммен келіспейміз. Апелляциялық шағым түсіреміз”, – деді Мамай сотта.