Жаңа ішкі істер министрі тағайындалды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

"Марат Мұратұлы Ахметжанов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы лауазымынан босатылсын", - делінген мемлекет басшысының жарлығында.

Ахметжанов туралы не білеміз?

Ахметжанов Марат 1964 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген.1991 жылы Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.

Ол ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаменті тергеу басқармасының бастығы, бас прокуратураның тергеу және анықтау органдарындағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы болды.

2003-2006 жылдары – Павлодар облысының прокуроры.


2006-2009 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры.

2009-2012 жылдары – Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.

2012-2014 жылдары –экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары.

2014-2016 жылдары – Атырау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро департаментінің басшысы.

2016-2021 жылдары – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары.

2021 жылдың 16 сәуірінен бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.