Жаңа премьердің орнында болсам - Баян Алагөзова

Ел үкіметінің отставкаға кетуі осы аптаның басты жаңалығы. Қазіргі уақытта саясаткерлер мен қоғам белсенділерінен бастап аталған жайтқа қатысты пікірлерін білдіріп, елдің болашағына болжам жасауда. Ал танымал продюсер Баян Алагөзова билік басына табысты кәсіпкерлерді шақыруды ұсынып отыр. Айтуынша, жеке кәсібін дөңгелете білген адам мемлекеттік маңызы бар істерді де шешудің жолын табады, деп хабарлайды Stan.kz.

“Жаңа премьердің орнында болсам, жұмысқа табысты бизнесмендерді, өзінің кәсібін құрып үлгерген жаңа форматтағы адамдарды шақырар едім. Шенеуніктерді емес, басқарушыларды, өндірістің не екенін түсінетін адамдарды шақыратын едім”, – дейді Баян Мақсатқызы.

Продюсер біз пайдаланатын күнделікті тұрмыстағы заттардың зауыт пен фабрикадан шығатынын еске салды.

“Ал оларды кәсіпкерлер басқарады. Олар өндіріске нақты қанша қаражат екенін біледі. Бізге өндіріс керек, ал ол жерде жаңа жұмыс орындары ашылады. Шетелдік өндірушілерге салықты арттыру керек. Сол кезде біздікілер бәсекеге қабілетті бола алады. Бұл онсыз да түсінікті нәрсе.


Мен жаңа үкіметті, жаңа басқарушыларды, білімі мен тәжірибесі мықты мамандарды күтемін. Олар табысты бизнес құра алды. Ендеше неге соны мемлекет аясында жүзеге асыра алмасын? Жиналыстардың емес, нақты әрекеттердің уақыты келген шығар?! Тек болашақты емес, бүгінгі күнді де ойлау керек шығар?! Біздегі барлық бағдарламалар болашаққа арналған. Ал біз бүгін бақытты болғымыз келеді”, – дейді Баян Алагөзова.