Жаңа рекорд: Оралда дизель отыны 219 теңгеден сатылуда

Елімізде енді дизель отыны тапшы. Мәселен Семейдегі жанармай бекеттері осы сұйық отынды тек талон бойынша ғана құюға мәжбүр. Ал Оралда Ресейден әкелінетін дизель отынының құны шарықтап кетті. Бүгінде, оның бір литрі 219 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды КТК.

Оралда дизель отынын кез-келген жанармай құю бекетінен табуға болады. Әйтсе де, мұнда аспандаған баға рекордтық көрсеткіш жетіп отыр. Қымбаттау жағынан, әсіресе, Ресейден тасымалданатын дизель алда тұр. Оның бір литрі 219 теңгеден саудалануда. Ал жергілікті билік өкілдері елімізде өндірілетін дизельдің 180 теңгеден сатылып жатқанын айтып ақталды. Алайда олар оның қоры 20 күнге ғана жетеді дейді. Сондықтан баға әлі де өсуі мүмкін.

Ал Семейде дизель отыны тіпті тапшы. Қазір ол қала бойынша бір ғана жанармай бекетінде бар екен. Әйтседе, оның өзін тек талон бойынша ғана беріп жатыр. Соның кесірінен кейбір жүргізушілер жолда қалып қойған.


Семейде демалыс күндері дизель отынының бағасы аспандап кеткен. Жүргізушілердің айтуынша, кейбір жекеменшік жанармай бекеттері оның бір литрін 215 теңгеден сатқан. Ал жергілікті билік оның қысқа арналған дизель болғандықтан қымбаттағанын жеткізді.