Бүгін Ақорданың қақпасына бір сәтке де тыным болмады. Күзетшілер таңның атысымен сүліктей қара көлігімен асығып-аптығып жеткен министр мен әкім біткеннің бәрін қарсы алуда. Әдетте Ақордада дәл мұндай абыр-сабыр үлкен өзгеріс немесе ауыс-түйіс алдында болатын. Елбасының бүгін де бүкіл үкімет мүшелерін жинап, кеңейтілген кеңес өткізуінің өз себебі бар екен. Нұрсұлтан Назарбаев елімізде су жаңа бес бірдей министрліктің құрылғанын және кадрлық ірі ауыс-түйіс болғанын хабарлады.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
-17 министрліктің орнына 12 министрлік болады, 9 агенттік мүлдем қысқарып, комитет болып қалады. Ал 272 департаменттің мәселесін ведомство басшыларының өзі шешсін. Бізге апта сайын жиналып алып, 50-60 қаулы қабылдайтын шашыраңқы Үкіметтің түкке керегі жоқ.
Яғни, енді елімізде агенттік деген атымен болмайды. Мысалы, қаржы полициясы, ақпарат, дін істері, спорт сынды ірі-ірі агенттіктер де комитет болып қалды. Сондай-ақ, Үкіметте су жаңа бес министрлік құрылып, оларды басқаратын шенеуніктер де қайта тағайындалды. Олар...Ерболат Досаев - ҚР Ұлттық экономика министрі, Тамара Дүйсенова - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, Арыстанбек Мұхамедиұлы - ҚР Мәдениет және спорт министрі, Әсет Исекешев - ҚР Инвестиция және даму министрі,Владимир Школьник - ҚР Энергетика министрі
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
-Энергетика министрлігі құрылады. Өйткені бұл салада жүйе жоқ. Мұнай мен газ бір жақта. Қатты отын екінші жақта. Электр энергиясы үшінші, атом энергетикасы төртінші жақта.Түк түсінбейтін халге жеттік.
Ал Ұлттық экономика министрлігіне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Өңірлік даму министрлігі мен бірқатар агенттіктер кіреді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрліктері де бірігіп кетті. Дін, спорт саласына Мәдениет және спорт министрлігі бас-көз болады. Индустрия, көлік және коммуникация, байланыс және ақпарат, Ұлттық ғарыш агенттіктері Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретінде.
Жаңадан тағайындалған бұл министрлерге Елбасы бірден жеке тапсырма беріп, қатаң ескерту жасады. Президенттің көзі бірден Ерболат Досаевқа түсті.
Ал, жұмыссыз қалған өзге министрлер де далада қалған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев кейбір экс-министрлерге тіпті бірнеше ұсыныс жасады.
Президент тіпті жаңа Үкіметтің қай күндері кеңес өткізетініне дейін белгілеп берді. Енді министрлер бұрынғыдай күн сайын күлтөбенің басына жиналмайды. Мемлекет басшысының бұйрығымен тек сейсенбі күні ғана бас қоспақ. Әйтпесе, біздің шенеуніктер күнара жиналып алып, өсек таратумен айналысып жүр екен.
Ал қалған министрліктер шамалы өзгерістермен әрі қарай жұмысын жалғастыра береді. Премьер-министрдің екі орынбасары да өзгермеді: Бақытжан Сағынтаев және Гүлшара Әбдіхалықова орнында қалды. Сөйтіп, қайта жасақталған жаңа Үкімет бүгіннен бастап жұмыстарына кірісіп кетті.