Жаңа жылдан соң Астанада көлік тұрақтары ақылы болады

Қаңтардан бастап астаналықтар тұрақтарға сағатына 100 теңге төлейді. Елордада әзірге әкімшілікке қарасты (муниципалдық) тұрақтар жоқ, соған қарамастан қала билігі қызмет көрсету тарифін белгіледі, деп хабарлады Kolesa.kz порталы.

Астана әкімінің «Елордада көлік құралдарын тұраққа қою уақытына қарай ақы алатын арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталған орындарда тарифті анықтау туралы» қаулысы бүгін ресми түрде жарияланды.

Құжатқа сәйкес, паркоматы бар тұрақтарға көлік қою құны сағатына 100 теңге болады. Бұл тариф күннің қай уақытында қолданылатыны қаулыда нақтыланбаған, сондай-ақ тұрақ түнгі уақытта және демалыс күндері тегін бола ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз.


Қаулы ресми жарияланғаннан кейін 10 күннен соң, яғни 2017 жылдың 7 қаңтарында күшіне енеді.