Астанада ақтүтек бораннан қала ішінде адам түгілі көлік әзер көрінеді. Екпіні күшті желден адым басып жүре алмайсың. Ал көлік қатынасы мүлдем қиындаған. Таң атқалы тазалық техникасы дамыл таппай жұмыс істеуде. Алайда боран бой берер емес.
Дүлей дауыл мерзімінен бұрын құрылған жаңа жылдық шыршаларды жаппай құлатты. Бас шачардың қақ ортасында сәнделген бірнеше алып желек дәл осылай ауып жатыр. Сондай-ақ, көшелердегі жарнама баннерлері мен бағдаршамдар да сұлап жатыр. Қатты жел ондаған мектептің терезесін шақты. Елордада табиғаттың тосын мінезінен төменгі сынып оқушылары үшін сабақ та уақытша тоқтатылды.
Ал, аялдамаларда сағаттап автобус күткен адамдар діттеген жеріне жете алмай кері қайтуда. Сондай-ақ, сақшылар жол қозғалысын да қатаң бақылауға алған. Өйткені, бүгін қарлы боранда бірін-бірі көрмей соқтығысқан көлік саны көп.
Ауруханалардағы жұмыс қауырт. Дәрігерлер аяқ-қолы сынып алдына келген науқастарды қабылдап үлгере алмай жатыр.
Дана Уанбаева, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының баспасөз-хатшысы:
- Ауа райына байланысты травматология институтына бүгін түске дейін 50-ден астам адам түсті, яғни әдеттегіден 4 есе жоғары. Барлығы жолда тайып құлаған. Салдарынан аяқ-қолдары сынған жарылған. Қазір дәрігерлердің барлығы жұмысқа тартылды, шұғыл жұмыс істеп жатыр.
Бүгін еліміздің төрт облысын байланыстырып тұрған күре жолдар да жабылды. Жол полицейлері Астананың аумағынан да бір де бір көлікті сыртқа шығарылмауда.
Иван, көлік жүргізушісі:
-Тұрғанымызға бір сағат болды. Жол аударылған көліктерден көрінбейді. Құтқарушылар көмектесіп үлгере алмай жатыр екен. Теміртауға жетіп алуым керек еді.
Ал Павлодар облысында қатты дауылдың салдарынан жазда ғана жөндеуден өткен үйлердің шатырлары ұшып ол көшеде тұрған көліктерді қиратқан.
Қарағандыда да айналаны алай-дүлей еткен боран түс ауа күшіне мінді. Ақ түтектің кесірінен онсыз да көктайғаққа айналған қаладан шыға беріс барлық бағыттағы жолдар жабылған. Секундына 25 метр жылдамдықпен соққан желге тіпті, жырымдаған жалауы бар, облыстық әкімдіктің де су жаңа шатыры шыдамаған. Одан жұлынып төменге құлдилаған жабындылар жол жигендегі бірнеше көлікті зақымдапты.
Раушан Алғабаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Әкімдіктің төбесінен жабынды құлады. Бесеуі бірдей бір мезетте. Масқара ғой басымызға түссе не болады?
Қыс енді қаһарынан қайтпайды. Синоптиктердің болжамы осы. Әсіресе, орталық пен солтүстік аймақтар жақын күндері бораннан көз ашуы екі талай. Соған қарағанда, ауа-райы жұртты әлі біраз әбігерге түсіретін түрі бар.