Бұл туралы "КТК" арнасы хабарлайды.
Алдын ала болжам бойынша, дәрігерлер оның жүрек-қан тамырлары мен тыныс жолдарына зақым келуі себепті қайтыс болғандығын айтып отыр.
Денесінің 60 пайызға жуығын күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға түскен Берік Қалымбетов есін жимаған күйі о дүниеге аттанды. Ал оның 56 жастағы анасы Қаным Күмісбаеваның денесінің 22 пайызы күйіп қалған. Ол қазір өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Оған көмек көрсету үшін Астанадан дәрігерлер арнайы шақыртылған. Еске сала кетейік, өткен аптада тұрғын үйде болған жарылыстан бір отбасының үш адамы зардап шеккен болатын. Оқиға бойынша сараптама жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Дегенмен, апаттың болуына үйдің маңынан өтіп жатқан газ құбырындағы ақау себеп болуы мүмкін. Осы іске байланысты полицейлер «өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау» бабы бойынша тергеуді бастады.