Осы өңірде туып-өскен З.Сисенғалиға аудандық «Жаңарған өңір» газеті алтын бесігі, өмір мектебі болды. Ол аудандық газетте 16 жыл жұмыс жасап, журналистиканың қыр-сырына қанығып, редакторлыққа дейін көтерілген еді. Содан кейін он бір жыл бойы аудан әкімінің орынбасары, қазір аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарып жүрсе де, қаламын қолынан тастамаған ақын-журналист жаңа дүниелерімен көрініп келеді.
Кеште аудан әкімі Лавр Хайретдинов ақынға ізгі тілегін білдіріп, шапан жауып, ат мінгізді.
Елу беске ер салған мерейтой иесін әріптестері, мекеме басшылары, достары, ауыл ақсақалдары құттықтап, «Жаңарған өңірі» газетінің редакторы Өмірзақ Ақбасов, ардагер Нәсіпқали Мақанов ел алдында арнау өлеңдерін оқыды.
Шара барысында әншілер ақынның сөзіне жазылған «Мәстексайым - мекенжайым», «Анама», «Іңкәрім», «Ақ Жайық - ару мекенім», «Жаңақала - гүл қала» және тағы басқа әндерді орындап берді. «Жаңақала әуені» фольклорлық ансамблі, «Айзере» әжелер клубы, ақынның «Жас қалам» жас ақындар клубы мүшелері, мәдени-демалыс орталығының домбырашылары және басқа да қызметкерлері өз өнерлерін көрсетіп, үлестерін қосты.
Кеш соңында ақын халқына ризашылығын білдіріп, еліне, анасына, жарына, достарына арнаған және сиясы кеппеген бірнеше өлеңдерін оқып берді.