Бұл жағдайдан Қазақстан қандай сабақ алу керек? Қазақстанға тәліптерден ешқандай қауіп келіп тұрған жоқ па? Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп алып келу керек пе?
Осы және өзге де сұрақтарға қоғам қайраткері Жәнібек Қожық Caravan.kz медиа порталының тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
- Тәліптер Кабулға кірді. Президент Ашраф Ғани елден кетті, билік құлады десе болады. Бұл Ауғанстанның көршілеріне, соның ішінде Орталық Азияға қалай әсер етпек? Орталық Азиядағы көршілер мұндай өзгеріске қаншалықты дайын болды?
- Тәліптер Ауғанстанды басып алды. Орталық Азия елдеріне қауіп төндіреді деген сыбыс. Менің ойымша, ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ. Тәліптердің өздері, ішіндегі өздеріне қарсыластарын жеңіп алса да, басқа елдерді, оның ішінде Азия елдерін басып алуға еш күштері жоқ. Азияға келетін қауіп жоқ. Азияға келетін қауіп - осы тәліптерді пайдаланып, орыстарға және Қытайға тиімді. Себебі, неғұрлым тұрақсыз болса, өзіне бағынышты елдер өздерінің қарауынан шықпайды. Былай айтқанда, Америка алаңдамайды. Ресей Өзбекстанға,Түркменстанның шекарасына тәліптерге шабуыл жасатуы мүмкін. Ондағы мақсаты – өз әскерін сол жаққа кіргізу және кедендік одаққа Өзбекстанды мүше қылуы мүмкін. Тәліптерден Қазақстанға келіп кетер қауіп жоқ. Біреумен соғыспақ түгілі, өз күнін көріп алуы керек. Қазірдің өзінде Ауғанстанның 9 миллиард долларын Америка бұғаттап тастады. Тәліптер жақсы мемлекет болғысы келсе, көршілер елдермен жақсы болуы керек.
- Ауған қазақтары Қазақстаннан көмек сұрап жатыр. Ол жақтағы қазақтарға көмектесу керекпіз бе? Оларды қабылдаудың өзі қауіпке әкеледі деп ойламайсыз ба?
- Әрине көмек беру керек. Ол жақтағы қазақтар 1930 жылы Коммунистік кеңес орнататын кезде халық аштан қырылатын болғаннан кейін бозып барған қазаққа Түркменің де, өзбегің де, ауғаның да, Ираның да кеудесінен итерген жоқ. Сол жерде жер барып, мал бақты, аман қалды. Сол үшін біз оларға “рақмет”, - айтамыз. Мәселен, маңғыстауда, Адай уезінде 300 мың халық болатын еді. Коммунистік кезеңде адамдар кетіп, 30-40 мың ғана адам қалды. Солар бірте, бірте келді. Айтуларынша, Ауғанстандағы қазақтар көп емес. 200-дей қазақ қалды дейді. Әлі де сұрастыру керек, мың болғанның өзінде де көп емес. Біреуін қалдырмай, елге көшіріп алу керек. Олар өте еңбекқор халық, олардың тәліптермен шаруасы жоқ. Мен Ауғанстаннан көшіп келген көптеген қазақтарды білемін. Ақтауда “Сары базар”, - деген жер бар, сол жерде көпшілігі аяқ киім жөндеп отырады. Өте еңбекқор халық. Қыста да, қақаған боранда да аяқ-киімдерді шегелеп, сонымен күнелтіп отырады. Кейбіреулері темір жинайды, кейбіреулері егін салады, кейбіреулері мал бағады. Олар “қазақ”, - десе жанын беруге дайын азаматтар. Солтүстік жерлерге көбісі Ресейге көшіп кетті, жерлері шұрайлы. Соларды топ, топ қылып орналастыру керек. Алдына малын беру керек, егінін беру керек, олар күнелтеді, біздің тәуелсіздігімізге берік болады. Қазақ елін, жерін қару алып болса да елін қорғайтын осы азаматтар деп ойлаймын.
- Тәліптер Қазақстанға ешқандай қауіп төндірмей ме, қалай ойлайсыз?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, ешқандай қауіп төндірмейді. Олардың барлық күші Ауғанстанның өзіне кетпек. Қауіп төндіретін – Қытай мен Ресей. Бұлар өздеріне бағынышты етуі үшін қауіп төндіруі мүмкін. Қазір Қытай мен Ауғанстан арасында сәл ғана өткел бар. Сол өткелге орай Қытай өзінің қару-жарақтарын беруі мүмкін. Иранмен байланыс жасауы мүмкін. Қазірдің өзінде, Ресей мен Тәліптердің арасы жақсы. Мұның артында үлкен саяси мән бар сияқты. Тәліптерді қаржыландырып отырғандар да, қару беріп отырған да шетелдіктер, оның ішінде ресейліктер мен Қытай. “Жауымның жауы - досым” , - деген сияқты бұлардың көбінің қарсыласы Америка болғаннан кейін, Америка Тәліптерге көп зиян келтіргеннен кейін Америка Ресей мен Қытайға экономикалық санкция салып жатқаннан кейін сол тұрақсыздықты олар әбден пайдаланулары мүмкін.
- Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі Қазақстанға қалай әсер етеді?
- Қазақстанға ешқандай айырмашылығы жоқ. Қазақстан Ауғанстанмен шамамен 200 миллиондай ме екен арасында саудасы бар. Қазақстан оларға астық береді, басқа да дәнді дақылдар береді. Ал Ауғанстаннан Қазақстан не алып жатқанын білмеймін. Бұрынғыша жүре береді. Не зиян, не қауіп Қазақстанға келмейді. Ортасында тәжіктер, ортасында түркімендер, өзбектер бар. Соларды басып өтіп, Қазақстанға қауіп төндіреді дегенге сенбеймін. Тәліптерде ондай күш жоқ.
- Бұл жағдайдан біз қандай сабақ алуымыз керек?
- Әрине сабақ алу керек. Біздің Қазақстанның ішінде де әртүрлі діни ағымдар бар. Көп адамдар соғысқа Сирияға кетті. Ауған жерінде де соғысқан адамдар бар, оның көбін қайтарып әкелді. Ислам дінін халыққа жеккөрінішті қылды. Міне осылармен дұрыстап жұмыс жасау керек. Біз сақал қойып жүрген жігіттермен емес, олардың “крышаларымен”, оларға келіп отырған қаражатпен, олар ұйымдастырып отырған жоғардағы адамдармен, солармен күресу керекпіз. Соларға еріп жүргендермен емес. Соларды тоқтатсақ, оларға еріп жүргендер бейбіт өмірге араласып кетеді деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет!