Қырғыз Президенті Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы аталған даудың неден орын алғанын түсіндірді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Медаль дауы неден туындады?
Естеріңізде болса, бұған дейін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медаль санына қатысты дау шыққан еді. Ұйымдастырушылар бастапқыда Қырғыз елін жеңімпаз деп таныса, кейін Қазақстан тарапы нәтижемен келіспеген соң, кестені толық өшірген еді.
Белгілі болғандай, қырғыз тарапы Қазақстанның үш спортшысының бір спорт түрінен алған 3 алтын медалін есепке алмаған. Олар оны бір спорт түрі деп санап, оны 1 алтынға теңеген.
Медаль туралы кесте неге өшірілді?
Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі аталған жайтқа қатысты түсініктеме берген болатын.
Агенттік ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекелестігіне емес, елдердің ортақ тарихи-мәдени мұра айналасында бірігуіне негізделгенін айтады.
«Дәл осы себепті Ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медальдық рейтинг жасалмайды», — делінген Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі берген түсініктемеде.
Аскат Алагозов өз пікірін желідегі парақшасында білдірді.
"VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорттық мереке ретінде өз мәресіне жетті.
Әсіресе көкбөрі мен жерұлақ бойынша жарыстар тартысты әрі тартымды өтті. Бұл сайыстарда қырғыз және қазақ командалары тамаша ойын көрсетіп, спорттық бәсекелестіктің тек жарыс алаңында қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жанкүйерлер арасында да ешқандай түсініспеушілік болған жоқ. Осы үшін екі халықтың спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғыс білдіреміз.
Командалық есепте медальдарды санау кезінде ғана техникалық алшақтық орын алды. Бүгін Ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медальдарын жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді.
Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!
Қырғызстан спортшылары да осы Ойындарда лайықты өнер көрсетіп, өздерінің күш-қайраты мен шеберлігін таныта білді.
Медальдық есеп — спорттың құрамдас бөліктерінің бірі ғана. Ал осы Ойындардың басты жеңісі — жарыстарды өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткізіп, бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алғанымыз", - деп жазды ол.