-Жантүршігерлік төбелес Астананың қақ ортасындағы дәл осы көшеде болған. Былтыр қараша айында жақын маңдағы кафеде ішімдік ішкендердің арасында жанжал шығады. Сөйтіп дауды жұдырықпен шешпек болған соқталдай азаматтар 3 жігітті өлімші етіп сабап тастайды. Сол қырғын көшеде орнатылған камераға түсіп қалып елдің жағасын ұстатқан еді.
Бұл таспа ғаламторды дүр сілкіндірді. Өзара ерегіскен жігіттердің далада сойқан салып жатқаны мұнда анық көрінеді. Әсіресе, қолына кастет киіп алған азамат көзіне көрінгенді аяусыз сұлатып жатыр. Кейін төртеуі қарсылас үш жігітке жабылып, өлімші етіп сабайды. Тіпті біреуі ауыр соққыдан есінен танып қалғанда да аяған жоқ.
Адвокатымен кеңесіп жатқан Мирас Мамбин. Прокурордың айтуынша, ол қолына кастет киіп жәберленушілерді ұрған. Төбелеспен күллі елге аты шыққан еңгезердей үшеу алғашында қамауға алынғанымен кейін қолхатпен бостандыққа жіберіліпті. Барлығы да жоғары білімді, үйленген, бала-шағасы бар. Жастары 25-тен енді асқан айыпталушылар бүгін өздеріне тым сенімді көрінді.
- Бұрын сотталғансыздар ма?
- Жоқ.
- Жұмыс орныңыз?
- Жұмыс істемеймін.
- Біліміңіз
- Жоғары.
Ал, таяқ жеп зәбір көрген мына жігіттер. Асқар Қожабеков пен Бақтияр Оразалиннің сөзінше, Мамбиннің кастетпен ұрған соққысынан соң естерінен танған.
– Бетімнен салып қалды
- Немен
- Кастетпен.
- Оны анық көрдім.
Бір қызығы, зардап шегушілер өлім аузынан қалса да, өздерін көгала қойдай етіп сабап тастағандарды «кешірдік» деп отыр. Тіпті қолхат та жазып беріпті. Олардың жомарттығына біраз таңырқаған судья бұл іске қатысты соңғы нүктені өзі қоятынын ескертті. Бірақ отырыс басталмай жатып тез аяқталды. Бір жәбірленуші мен екі куәгердің келмей қалуына байланысты процесс 11 ақпанға шегерілді. Ал сойқан салғандардың кінәсі дәлелденсе, кемі 7 жылға абақтыға жабылуы мүмкін.