Жапон Елшісі Қазақстан мен Жапония арасында әуе қатынасы байланысын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды


Кездесу барысында қос тарап экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, туризм саласында әріптестік қарым-қатынасты орнату мәселелерін талқылады. Мәртебелі мейман жапон мемлекеті Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарында болғандығын айта отырып, қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнатылғандығын атап өтті. Ол экономикалық әріптестікті орнату жөнінде қос ел басшыларының ұйғарымымен бірлескен комиссия құрылғандығын жеткізді. Осы жылдар ішінде жапондық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 6 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, энергетика, кен өндірісі салаларында ауқымды жобаларды қолға алғанын тілге тиек етті. 

Елші сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық және туристік әлеуетін жоғары деп бағалап, Қазақстан мен Жапония арасында әуе қатынасы байланысын орнату мүмкіндігін қарастыру жөн деді. 

Аймақ басшысы оңтүстік өңірге қызығушылық танытқан жапон елшісіне алғысын білдіре отырып, оның жоғары инвестициялық әлеуеті жөнінде кеңінен ақпар берді. Жапония мемлекеті жоғары технологияларды енгізуде әлемде үздік ел саналатынына көңіл бөліп, озық технологияларды бірлесе іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда ол облыста арнайы «Шымкент инновация» мекемесі құрылғандығын айтып, жапондық кәсіпкерлерді осы бағытта әріптестік байланыс орнатуға шақырды. 

Экономика және туризм салаларында да қос ел кәсіпкерлеріне тиімді болатын бастамалар көп екендігін айтып, әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту бағытында облыс әкімдігі Жапонияда Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізуге дайын екендігін жеткізді.