Жапонияда әлемдегі алғашқы Pokémon әуежайы ашылады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

7 шілдеден бастап Вадзима қаласындағы әуежай жаңа атауды («Noto Satoyama Pokemon With You Әуежайы») қолдана бастайды. Жоба 2029 жылғы қыркүйекке дейін жалғасып, Ното түбегін қолдау мақсатындағы туристік және қайырымдылық бағдарламаның бөлігі болады.

Аймақ 2024 жылдың 1 қаңтарында болған жойқын жер сілкінісінен, кейінірек қатты жаңбыр мен су тасқынынан ауыр зардап шеккен. Билік Pokemon франшизасы туристерді тартып, жергілікті экономиканы қолдауға көмектеседі деп үміттенеді.

Жаңартылған әуежайда 111 покемонның суреттері, тақырыптық аймақтар және эксклюзивті өнімдер сатылатын дүкендер болады. Сондай-ақ, өңірдің әртүрлі жерлерінде Pokemon кейіпкерлері бейнеленген кәріз қақпақтары орнатылады және тақырыптық аяқ ванналары ашылады.

Жобаның бастамашысы — The Pokemon Company қызметкерлері құрған Pokemon With You Foundation қоры. Ұйым қайырымдылық жобаларын жүзеге асырады және зардап шеккен аймақтардағы балаларды қолдайды.

Исикава префектурасының губернаторы Юкийоси Ямано жобаның балаларға «жарқын әсерлер мен қуат беруін», сондай-ақ өңірге туристер ағынын қайтаруды мақсат тұтатынын айтты.