Жапонияда өңеш обырын емдеуге арналған әлемдегі алғашқы препарат сатыла бастады

Жапонияда өңеш обырын емдеуге арналған әлемдегі алғашқы препараттың коммерциялық сатылымы басталды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Препараттың негізінде генетикалық түрлендірілген вирус жатыр. Ол негізінен қатерлі ісік жасушаларын зақымдап, жойып, сау тіндерге іс жүзінде әсер етпейді. Бұл туралы Nikkei агенттігіне сілтеме жасай отырып РБК хабарлады.

Ісікке түскеннен кейін вирус қатерлі жасушалардың ішінде көбейіп, оларды жояды. Сонымен қатар ағзаның иммундық жауабын күшейтеді.

Препаратты Токиода орналасқан Oncolys BioPharma биофармацевтикалық компаниясы әзірлеген.

«Генетикалық түрлендірілген вирустар қатерлі ісікті емдеудің тиімді құралына айналып келеді. Жұма күні Жапонияда өңеш обырын емдеуге арналған әлемдегі алғашқы онколитикалық вирус препаратының коммерциялық сатылымы басталады», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, өңеш обыры – Орталық Азиядағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы күрделі әрі әлі де аз зерттелген мәселелердің бірі. Қазақстандық дәрігерлердің айтуынша, ауру ұзақ уақыт бойы байқалмай өтуі мүмкін.

Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық ғылыми онкология орталығының сараптамалық эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Қанат Батырбеков NUR.KZ-ке берген сұхбатында дәрігерлердің күніне шамамен 20-30 пациент қабылдайтынын айтқан. 

Сарапшы келтірген статистикаға сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда өңеш обырының 1130 жағдайы анықталған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1108 жағдайды құраған.

Сонымен қатар дәрігер 2023 жылға қатысты деректердің сол кезде ашық қолжетімділікте болмағанын атап өткен.

Дәрігердің айтуынша, өңеш обыры ер адамдарда әйелдерге қарағанда 3,5 есе жиі кездеседі.

«Сондықтан ер адамдар арасында өңеш обыры ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлерінің құрылымында 9-орында тұр. Әйелдерде өңеш обыры өте сирек кездесетіндіктен, ол қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін он түрінің қатарына кірмейді. Аурушаңдықтың шарықтау шегі 50-59 жас аралығына келеді», – деген еді дәрігер.