Жапония өкіметі атом стансаларына цунамиден келетін қауіпті жете бағаламаған

Жапонияда сапармен жүрген МАГАТЭ мамандары осындай түйінге келіп отыр, деп хабарлады Росбалт агенттігі «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.

«11 наурыздағы жойқын зілзаладан кейін болған цунамидің кейбір нысандарға қатысты қауіп-қатері жете бағаланбаған»,- деп атап көрсетеді МАГАТЭ мамандары өз баяндамаларында. Олардың пікірінше, «Фукусима-1» стансасындағы оқиға, атом стансаларының төтенше жағдайларға үн қатудың арнаулы «күшейтілген» орталықтарына мұқтаждығын көрсетіп отыр.

Оған қоса, сарапшылар атом-электр стансаларының тәуекелдерін лайықты бағалауға және олардың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге шақырды.

«Ядролық стансаларды жобалаушылар мен операторлар табиғи апат тәуекелдерінен қорғанысты лайықты бағалап, қамтамасыз етулері керек», - делінген баяндамада.

Естеріңізге сала кетейік, табиғат апатынан келген шығынды ел үкіметі 25 триллион иенге бағалап отыр (308 миллиард доллар). Оған қоса, «Фукусима» АЭС-ндегі апаттан келген шығын 11 триллион иенді (133 миллиард доллар) шамалаған.