Жапонияда лай көшкіні салдарынан 204 адам қайтыс болып, 60 адам жоғалып кетті

Жапонияда нөсер жаңбыр мен лай көшкіні салдарынан 204 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Today.kz Kyodo сайтына сілтеме жасап. 

Агенттіктің мәліметінше, 60 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. 

Жапон билігі табиғаттың тосын мінезінің салдарынан Окаяма, Хиросима, Эхиме өңірлерінде көп адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Іздеу-құтқару жұмыстарына 70 мың құтқарушы қатысып жатыр. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның Премьер-Министрі Синдзо Абэге көңіл айту жеделхатын жолдаған еді. Онда Назарбаев Қазақстан халқының осындай ауыр сәтте Жапония халқымен бірге екенін жеткізіп, зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.