Жақиянов бостандыққа шықсам, белсенді саяси іс-қызметтен өз ықтиярыммен бас тартамын деп уәде берді

KZ-today тілшісінің хабарлауынша, журналистерге Ғ.Жақияновтың қорғаушысы Елена Ребенчуктың өз клиентімен бірге отырып жасаған ресми мәлімдемесінің бейнетаспасы көрсетілген.

Қозы Көрпеш Кәрбозовтың түсініктемесіне жүгінсек, биылғы жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік органдары еліміздің жекелеген облыстарындағы бюджет қаржысын талан-таражға салу көріністерін тексеруде. Атап айтсақ, осындай бірқатар дерек Павлодар облысында Ғалымжан Жақиянов әкім болып тұрған кезде әшкереленген. "283 млн. теңге, 80 млн. теңге және 1,6 млн. долларды жымқыруға қатысты үш эпизод бойынша" жинақталған материалдар Жақияновқа қатысты тергеу алдындағы тексерулерді жүргізуге негіз болды,- деді Қ.Кәрбозов.
ҚР ҰҚК-нің мәліметіне сәйкес, ҰҚК-нің әрекеттерінің астарында саяси себептер жатыр деп мәлімдеген Ғ.Жақиянов аталмыш тексерулердің материалымен танысудан және оларға қатысты түсініктеме беруден бас тартып, комитет басшылығымен жолықтыруды сұраған көрінеді.
"Ғ.Жақияновтың саяси мәлімдемесі қылмыстық жауапкершіліктен жалтарудың бір тәсілі деп танылды",- деді Қ.Кәрбозов. ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің тергеушілері тергеу алдындағы тексерістер материалы негізінде қаржы жымқыру, лауазымдық құқығын асыра пайдалану және алаяқтық сипаттарын тауып 12-қыркүйекте қылмыстық іс қозғаған,- деді ол. "Қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде, Жақиянов кінәлі ме, жоқ па дегенді сот шешеді",- деп атап көрсетті Қ.Кәрбозов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ғ.Жақияновты Павлодар облыстық соты 2002-жылдың 2-тамызында 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесіп, жалпы тәртіпті колонияға жіберген болатын. Сот Ғ.Жақияновтың Павлодар облысының әкімі қызметін атқарған кезде лауазымдық құқығын асыра пайдаланғанын дәлелдеген .
Қ.Кәрбозов сондай-ақ, қазір басқа да адамдардың үстінен "Астанада 2,5 млрд. теңгені легализациялауға" және "Ақтөбе облысында 111 млн. теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқыруға" қатысты тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады.