"Жақында қай министр «жылы орнымен» қоштасуы мүмкін?": Белгілі саясаттанушы болжам жасады

Аталған сұрақтарды Caravan.kz тілшісі саясаттанушы Аман Мәмбетәліге қойып көрді. 

- Көпшілік күзде Үкіметте тағы да ауыс-түйіс болуы мүмкін деген қауесетке сеніп жүр... Бұл жалпы шындыққа жанаса ма? Болған күннің өзінде Үкімет үйінде кімдер кетіп, кімдеп қалады деп ойлайсыз?

- Негізінде алдын ала болжам жасауды ұнатпаймын. Сондықтан нақты кім кететіні жайлы айту қиын. Жалпы логикалық тұрғыда ойланып көрейік. Бізде министрлердің көбі жаңадан келгендер, олардың дені қазір алдыңғы министрлердің жұмыстарын жалғастырып, солар жіберген олқылықтардың «орнын жабу» жұмысымен айналысып жатыр. Бәлкім стратегиялық тұрғыда жұмыс істесе де, әзірге өздері нақты бастама көтеріп, соны жүзеге асырып жатқандары шамалы. Олардың оған уақыттары да болмады. Ал аутсайдерлерді атау қиын, өздеріңіз білесіздер, әркім өз қызметіне жауап береді. Бірақ әлеуметтік желі мен негативті пікірлерге қарайтын болсақ, әрі үнемі сынның астында қалып, жағымсыз пікірлердің астында қалып жатқан министрлер бар. Жалпы жағымсыз пікірдің жасанды әрі табиғи деген түрі де бар. Әрине жасанды «негатив» жұмыстың жаманы, жақсысы болсын үнемі болады. Бірақ объективті факторды айтатын болсақ және негативті пікірлерді ескерсек, онда олар: экология министрі, ІІМ және қорғаныс министрі. Бұл тек жағымсыз пікірлер бойынша аталған министрлер. Ал жұмысы бойынша бағалайтын болсақ, мұнда әлеуметтік және экономикалық блок сияқты үлкен екі сала тұр. Олар қолдарынан келгенше жұмыс істеп жатса да, әлі де нәтиже аз, жеткіліксіз болып тұр. Себебі инфляцияның қазіргі пайызы, жалпы экономикалық жағдай мәз емес. Тек азық-түлік бағасының жыл сайын көтерілуінің өзі қайда жатыр? Оны реттеуші арқылы уақтылы реттеуге болатын еді, қолдарында барлық құралдар да болды. Бірақ бұл екі сала «қалдықты» принцип ретінде қаралды, алдын ала құралдар қолданылмай, жұмыстар жүргізілген жоқ. Сосын бұл жұмыстар тек үстіртін жүріп жатыр, тек Президент инфляция мәселесін көтерген кезде ғана осыған көбірек мән беріледі, кейін бәрі қалады. Сондықтан дәл қазір ұлттық экономика министрі аутсайдер қатарында тұр.

- Бағдат Мусинді бұл қатарға қоса алмаймыз ба?

- Әрине, ол да бағана мен айтқан халық тарапынан «хэйттің» астында қалып тұр. Бұл жерде Мусиннің коммуникациясы әлсіреп тұр деп ойлаймын, бұл оның жанындағы баспасөз қызметінің жұмысына да үлкен сын. Ол маман ретінде мықты болып тұрса да, халықпен сөйлесу, жұмыс істеуі қиындау болып тұр. Мүмкін ол баратын ғимараттарда интернеттің жылдамдығы жақсы шығар, бірақ Астананың тіпті сол жағалауындағы интернеттің жылдамдығының қаншалықты баяу екенін біз көріп, біліп отырмыз. Сондықтан бізде интернет Токиодан жылдам деген жауап, әрине халықтың ашуын туғызды.


- Қай министр елдің көңілінен шығып жүр деп ойлайсыз?

-  Қазіргі министрлердің ішінде өз жұмысын атқарып, әсіресе қазақ тілді қоғаммен жақсы коммуникация жасап жатқан білім министрі мен ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі деп ойлаймын. Себебі қазіргі демография бойынша бұл өте маңызды фактор. Бізді шыны керек, 30 жылдың ішінде екі түрлі қоғам болды: орыс тілді және қазақ тілді. Осы ретте орыс тілді қоғам тарихи факторлар бойынша ақпаратты тез әрі жылдам алатын, қазақ тілді бұл жұмыстан үнемі сыртта қалып тұратын. Қазір осы жұмыс жолға қойылып жатыр. Сондықтан осы екі министрді жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр деп айта аламын.

- Министрлер қатарынан кімдерді көргіңіз келеді?

- Министрлік деген өз харизмасымен алып кететін бір ғана адам емес қой? Ол үлкен, ешқайда бұрылмайтын механизм. Оның алдындағы машинистке әрине көп нәрсе байланысты. Бір министрлікте қаншама ведомство, департаменттер бар. Олардың жұмысын жандандыру үшін, адами емес, меніңше жүйелік талаптар қажет. Сондықтан мен жеке адамды емес, бүтін бір жүйенің өзгеруін қалайтын едім. Оның ер немесе әйел адам болатыны, немесе жас жағынан ерекшеленетіні маңызды емес. Ел де соны күтіп отыр, қандай министр болмасын жүйелі өзгеріс алып келетін болса, онда ол өте жақсы. Себебі жоғары жақтан, Президенттің жолдауында да, депутаттардың сауалдарында да маңызды мәселелер қозғалып жатыр. Енді азаматтық қоғам осы саяси процеске толықтай қосылып, қоғамды, жүйені бірге өзгертуіміз керек.

Әңгімеңізге рахмет!