Бұл жайында ҚР Бас прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов 30-31 наурыз күндері ҚХР-ға сапармен барып, сол елдің Әділет министрі Чжан Цзюнмен заң саласындағы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың ашықтығы және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады. Кездесуде Жақып Асанов ҚХР-да сотталып, айыбын өтеп жатқан 9 қазақстандық азамат туралы сөз қозғады. Олардың Қазақстанға ауысқысы келетінін, бірақ ҚХР-да оларға салынған айыппұлды төлеуге мүмкіндіктері жоқ екендігін айтты.
Жалпы, ҚР Бас прокуратурасының мәліметтерінше. ағымдағы жылдың 14 наурызында Қытайдан үш отандасымыз елге жазасын одан ары өтеу үшін жеткізілген.
«2017 жылдың 22 ақпанында Қытайдың әділет министрлігі ҚР Бас прокуратурасының аталған мәселеге қатысты қолдау хатын қанағаттандырған болатын. Азамат К. мен Р. құны 3,5 млн. доллардан асатын Амур киігінің 719 дана мүйізін контрабандалағаны үшін қытай соты тағайындаған жазаларын өтеген. Үшінші азамат та Қытайға жалпы құны 115 мың АҚШ долларын құрайтын аю терісін, 35 дана аю табанын және 13,71 келі кордицепсті (дәстүрлі қытай медицинасында қолданылатын сирек кездесетін саңырауқұлақ түрі) контрабандалық жолмен тасымалдаған», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар ведомство ақпаратында қытай соттарының үкімі Қазақстан аумағында да мойындалатындығы және ұлттық заңнамамызға сәйкес жүзеге асырылатындығы атап өтілген.
«Біздің азаматтарымызға жаза мерзімін одан ары отанында өтеуге мүмкіндік берді. Атап өтерлігі, қытайлық әріптестермен іс-қимылдың жолға қойылуының арқасында ҚХР-мен сотталғандарды өзара беру туралы шарт күшіне (30.09.2015) енген сәттен бері 14 қазақстандық елге қайтарылды. Бүгінгі күні қытай түрмелерінде тағы 9 қазақстандық жазасын өтеуде. Аталған тұлғалардың 10-нан 100 мың юаньға дейін төленбеген айыппұлдары бар. осыған байланысты оларды Қазақстанға ауыстырудан бас тартылған. Қазіргі уақытта олардың тек үшеуі ғана айыппұлдарын төлеп, бас тарту шешімі қайта қаралуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», - деді Бас прокуратура баспасөз қызметінен.