алыс-жақын шетелдегі қандастарымыздан - барлығы 70-ке тарта шығарма келіп түскен.
Бұл туралы Астананың 15 жылдығын әзірлеу мен өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа тобы хабарлады.
Астанада осымен үшінші мәрте өтіп отырған бұл мүшайраға өлең өнерінің небір өрелі жүйріктері қатысты. Бәйгенің басты мақсаты - Тәуелсіз Қазақстанның азат Астанасын жан-жақты жарқырата жырлау.
Алаш сыйлығының иегері, ақтангер ақынымыз Серік Ақсұңқарұлы төрағалық еткен, белгілі қаламгерлерден құралған қазылар алқасы бәйгеге түскен шығармалардың барлығын талғам таразысынан өткізді. Соның ішіндегі ең бір сүбелісі Серік Тұрғынбековтың «Астана - Дастан» атты өлеңдер циклі болды. Бұдан бұрын да талай мүшайралардың жүлдесін қанжығасына байлаған Серік ақын бұл жолы тіпті көсіле түсіпті.
Сондай-ақ, жан сүйсінткен шығармалар арынды ақын Бауыржан Жақыптың «Астанамен сырласу» өлеңдер топтамасы мен таяуда Қарақалпақстаннан көшіп келген қандасымыз Махсет Алсейтовтың «Астана жырлары» болды. Қазақ жырының тарланбозы, ардагер ақынымыз Кәкімбек Салықов та мүшайра күткен биіктен көріне білді. Ақын ағамыз Астана тойына арнап тұтас бір кітап жазып бітіріпті. Сол еңбегінен бәйгеге таңдап ұсынған бір топ өлеңі Астана ажарын жарқырата ашқандығымен көңілден шықты. Сондай-ақ, талантты ақын қызымыз Сәуле Досжанова да Астана тақырыбын әдемі игере біліпті.
Сонымен, қазылар алқасы ақылдаса келе, бас бәйгені (жеңіл автокөлік) Серік Тұрғынбековтің «Астана - Дастан» өлеңдер топтамасына беруді жөн көрді.
Бірінші орынды «Астанамен сырласу» өлеңдерімен оза шапқан Бауыржан Жақып қанжығасына байлады.
Екі екінші жүлдені «Мерей тойың құтты болсын, Астана!» және «Астана суреттері» өлеңдер топтамалары үшін Кәкімбек Салықов пен Сәуле Досжанова еншіледі.
Үшінші үш сыйлыққа Махсет Алсейтов, Жанат Әскербекқызы, Ерлан Жүніс лайық деп табылды.
Ал ынталандыру сыйлықтарын Абылай Толыбаев, Мағиза Құнапияқызы, Ауыт Мұқибек, Роза Сейілхан, Қайрат Сабырбай иеленді.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 2013 жылдың 1 шілдесі күні Астана қаласы Конгресс-Холл сарайында өтеді.