Бұлар облыс орталығынан он бес шақырым жердегі Бадам-2 ауылының тұрғындары. Шымкентке іргелес тұрса да, ауылында титтей де тілге тиек етер жақсылық болмай тұр. Су бірде болса бірде жоқ. Ал жарық дегенді Бадамдықтар мүлдем ұмытқан. Әбден ескірген мектепте компьютер классы жабылып, ашылмаған есікке өрмекшілер ұя салып тастапты.
Баһарайым Нұрымбетова, Бадам ауылының тұрғыны:
- Бір аптадан бері свет жоқ. Мына оқушыларымыз келеді кешке қарай. Анау немене, пәле соны сықситып жағып қоямыз. Сонымен өшіпте қалады кейде. Ал, азанда тұрып, үтіктейін десең, үтік жоқ. Тоңазытқыш сасып-бықсып жатыр шырағым.
Басқасын былай қойғанда, бадамдықтарға не қоғамдық көлік қатынамайды, не жедел жәрдем жүрмейді. Себебі, ауылға жету үшін жол азабын бастан өткеруің керек. Тұрғындардың айтуынша, атқамінерлер мына жолдарды талапқа сай деп есеп беріпті. Тағы бір түйткіл, бұл ауылға кіре-берісте құлайын деп көпір тұр.
Бадам-2 ауылына келер көліктің барлығы осы көпірмен өтуге мәжбүр. Өйткені басқа жол жоқ. Ал әбден ескірген көпірдің күйі мынау. Бетондары қақырап, темірлері тозып біткен. Тұрғындардың айтуынша, тағы бір көктем келіп, өзен тасыса, онсызда құлағалы тұрған көпірдің шыдас беруі екіталай.
Көпірдің аман тұрғаны да ауыл азаматтарының арқасы. Ақша жинап, өздері жөндейді екен жыл сайын.
Ержан Мұқашев, Бадам ауылының тұрғыны:
- Осы жергілікті тұрғындар, өз күшімен бұл көпірге сәл-пәл ремонт жасаған. Бірақ, ол жөндеу деген болмайтын нәрсе. Осыған бола, транспорт кірмейді. Жедел жәрдем кірмейді. Осы көпір құламай, адам қайтыс болмаса сонда ғана қимылдайма үкіметіміз.
Басшыларға өтінуден шаршаған халық, енді талап қоюға кірісті. Бүгін ауыл тұрғындары жолды алғаш рет 10 минутқа жауып тастады.
Тек, ауылдан шалғайда жүрген басшылар тұрғындар жолды жаппақ түгілі, жатып алса да көпір жасалмайды деп отыр. Ішкі жолдарды жөндеу жоспарда бар, бірақ ел айтқан жолдар жасалынбайды екен.
Сейдулла Ибишев - Жұлдыз ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Асфальт болады. Бағанағы сіздер айтқан бұзылған көпір ол жоспарда жоқ. Себебі, оны алып тастаған.
Тоқ етері, таяу күндері ауылға жарық келеді. Қанша уақытқа дейін екені тағы белгісіз. Халық айтқан жолмен, көпір салынбайды. Енді тұрғындар арызын арқалап, Елордаға аттанамыз деп отыр.