Соның ішінде кәсіпқой бокс түріне тоқталсақ. Кәсіпқой бокстың алғашқы мектебін 20 ғасырдың 30-жылдары Алматыда Шоқыр Бөлтекұлы ашты. Қазақстаннан Олимпиада ойындарының, Дүние жүзі, Азия, Еуропа чемпионаттарының, Азия ойындарының 30-ға жуық чемпиондары мен жүлдегерлері шықты.
Қанша жастан бастап баланы боксқа қатыстыру керек? Оған қаншалықты психологиялық дайындық керек? Ата-ана алдымен нені біліп алу керек? осы сұрақтарға толығырақ жауап алу үшін Caravan.kz медиа порталының тілшісі белгілі кәсіпқой боксшы Асхат Уәлихановпен тілдесіп көрді
- Асхат алдымен біздің оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз
- Мен Асхат Уәлиханов Қайратұлы 1990 жылы 19-ншы қазанда Жамбыл облысында, Шу ауданында дүниеге келгенмін. Жалпы бокспен 10 жасымнан бастап айналысып келемін. 2004 жылы Алматы қаласына дарынды балаларға арналған спорт интернатқа оқуға түстім. Оны бітірген соң спорт колледжіне оқуға түскен болатынмын. Соны тәмәмдағаннан кейін Қазақ ұлттық өнер университетіне түстім.
- Спорт әлеміндегі жетістіктеріңізге тоқталсаңыз екен
- Жалпы, жарыс дегенді өте жақсы көремін. Себебі, ол жерде өзіді жан-жақты дайындайсың, шыңдаласың. 2013 жылы «Астана arlans» сапында өнер көрсеттім. Ол жерде 2016 жылға дейін өнер көрсеттім. Сол жылы кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдадым. Онда жеті жекпе-жек өткізіп оның бесеуінде жеңіске жеттім. Қазіргі таңда денсаулығыма байланысты жаттығуды тоқтатып қойдым және жаттықтырушы, бапкер болып жұмысымды жалғастырудамын. Аллаға шүкір! Бәрі де жәймен болып жатыр.
- Карантин кезінде жұмыстарыңыз тоқтап қалды ма? Әлде жаттығу жалғасты ма?
- Иә, карантин тек бізге ғана емес, бүкіл елге әсерін тигізді. Барлық жер жабылды. Біз де жұмыс жасаған жоқпыз. Жаттығу залдары жабылды. Сол себепті жұмыс жасағымыз келсе де, мүмкіндік болған жоқ. Қазір қайтадан жаттығуларды бастап жатырмыз.
- Боксқа баланы неше жасында берген дұрыс деп ойлайсыз? Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Боксқа баланы мен өз басым жеті жастан бастап берген дұрыс деп ойлаймын. Өйткені баланың ойы да, санасы да физикалық тұрғыдан қарасақ қалыптасып келе жатады. Мен өз баламды жеті жастан бастап спортқа берер едім. Ата-аналарға айтарым ең алдымен баланы боксқа қатыстырмай тұрып жүзуге беріңіздер дер едім. Содан соң барып гимнастикаға беруші едім. Себебі баланы боксқа шамалы дайындап алып келген дұрыс. Физикалық жағынан бала дайын болады.
- Ал өзіңіз қанша жаста келдіңіз?
- Негізі мен ес білгелі қызығамын. Бірақ он жасымнан бастап келдім деп айта аламын. Ол кезде де кеш емес. Бастысы ниет болса, қызығушылық болса болды. Қай уақытта келсең де еңбектену керек.
- Балаларды қабылдар алдында бірінші кезекте не нәрсеге көңіл бөлесіз?!
- Жалпы баланы қай спорт түріне алып келсе де, ең бірінші оның бой, бітіміне қарайсың. Ақылына қарайсың. Икемді болса әрі қарай баланың өзі алып кетеді деп ойлаймын. Егер өзі осы жолды таңдаған болса, онда ол барлық қиыншылыққа төтеп беріп, діттеген мақсатына жете алады. Ең бастысы баланың қызығушылығына, көзіндегі отына қарайсың.Ол жалындап тұрса, демек бір нәрсе бар деген сөз. Егер маған баланы алып келсе, мен осыларға қарайтын едім.
БОКС: Жекпе-жек қабырғалары ұзындығы 5-тен 6 метрге дейін болатын және 4 қатар канатпен шектелген алаң — рингте өтеді. Жеңіс көп ұпай еншілеген боксшыға; нокаутпен ұтқанға; қарсыласы пәрменсіз болып жекпе-жекті жалғастыра алмағанда, дисквалификацияға ұшырағанда немесе жекпе-жектен бас тартқан жағдайларда беріледі. Бокста белден төмен, желкеден, арқадан ұруға, баспен ұруға және құлап жатқан қарсыласты ұруға тыйым салынады. Жекпе-жекке — ринг ішіндегі бір төреші, сыртындағы 3-5 төреші төрелік жүргізеді.
- Жаттықтырушының "Жарысқа бар да, жүлдесіз келме" деген бұйрығына қалай қарайсыз?
- Мен бұл сөзбен келіспеймін. Себебі әр бала дайындалады, еңбектенеді, жаттығады, амалын жасайды. Айтады ғой «біз амалын жасаймыз, жеңіс те, жеңіліс те Алладан» - деп. Мен бұл сөзге толық қосыламын, қолдаймын. Әр баланың өз жолы бар. Бүгін жеңбесе келесі жолы жеңіс түғырынан көрінеді. Балаға дұрыс нұсқау беру керек, дұрыс тәрбие беру керек бастысы дұрыс бағыт беру деп ойлаймын. Егер сен айтатын болсаң жарыстан орын алмай келме деп, онда сен баланың сағын жарысқа бармай жатып сындырып аласың. Ал ол оның кейінгі алатын орындарына яғни жеңісіне балта шабасыз. Сол себепті баланың өзіне деген сенімділігін жоғалтпау керек. Ол қайта шыңдалу керек. Өмір тек жеңістерден немесе жеңілістерден ғана тұрмайды. Біле білген жаттықтырущы осыны өз құрамындағы балалардың бойына, миына сіңіре отырып тәрбиелеуі керек. Сонда ғана ол баланың түпсанасында жақсы ойлар мен жақсы істер қалыптасып, көптеген жеңістерге қол жеткізеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!