Жас ақындар жауһар жырларын Астанаға арнады

Елорда тұрғындары мен қонақтары қаланың әрбір саябағында, мәдени ұжымдарда болып жатқан қызықты мерекелік думандарды тамашалау мүмкіндігіне ие болуда.

Осы мереке аясында Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Соның бірі ақындардың Астанаға арналған жырларын жария етуіне ұласты.

Кеш шымылдығын белгілі ақын Бақытжан Тобаяқов ашып, өз өлеңін оқып берді. Келесі кезекте Сәруәр Қамаева, Айбатыр Сейтақ, Әсем Ережеқызы, Ауыт Мұхибек, Гүлісхан Домалайқызы жырдан шашу шашты.

Сондай-ақ осы кеште Астанадағы жоғары оқу орнында оқып жүрген және жуырда елордаға қоныс аударған жас ақындардың сахнаға шығып, өздерінің тырнақалды туындыларымен таныстырғанын айта кеткеніміз жөн. Айдана Сегізбаева, Әлімжан Әлішер, Кенжебек Сержанұлы, Саян Есжан махаббат, жастық шақ, аққу туралы өлеңдерін оқыды. Жырларында ой мен көркемдік, тың ізденушілік бары қуантты.


Осы жыр кешінде жас өнер иесі Азамат Әбдірахиев өзінің «Жауын» атты әнін алғаш рет орындады. Сонымен бірге Гүлнәзия Бисенова да әннен шашу шашып, сөзі мен сазын өзі жазған «Өмірімнің мәні» әнін шырқады.

Кітапхананың 6 жасар оқырманы Гүлназым өлеңді мәнерлеп оқып берді.

Әдеби-сазды кешті жүргізген ақындар Маржан Ершу мен Ерлан Жүніс те өз өлеңдерін тыңдарман назарына ұсынды.