Соған қарамастан жас қазақстандық жазушының үш кітабы АҚШ-тың ірі кітапханасының қорына енді. Бұл туралы жас жазушы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.
Қазақстандық жас жазушы Сүндет Сейітовтің үш кітабы АҚШ-тың 198 ірі кітапханасы мен кітапхана жүйесінің электронды каталогына енгізілді. Қазіргі таңда автордың шығармалары АҚШ-тың 31 штатындағы және Вашингтон федералдық округіндегі кітапханаларда қолжетімді.
Автордың жазуынша, мұндай жетістікке жету оңай болмаған. Ол 2024 жылы жеке үйінің құрылысымен қатар алғашқы романы «Дрон шоу» шығармасын жазуға кіріскен.
«Күндіз құрылыста жұмыс істеп, түнде ноутбуктың алдында отырдым. Үш ай бойы роман жаздым. Сол қиын кезеңде жан жарымның қолдауы маған үлкен мотивация берді», – дейді автор.
Роман дайын болғаннан кейін Сүндет Сейітов оны ағылшын тіліне аудартып, АҚШ-та жариялаудың және америкалық кітапханаларға енгізудің жолдарын өз бетінше іздей бастаған.
Автордың сөзінше, бұл жолда оған ешқандай демеуші де, мемлекеттік немесе жеке бағдарламалардың қолдауы да болмаған.
«Біздің қоғамда үлкен жетістікке жету үшін міндетті түрде қомақты қаржы немесе ықпалды адамдардың қолдауы қажет деген түсінік қалыптасқан. Мен осы стереотипті бұзғым келді. Менде тек идея, табандылық және тынымсыз еңбек болды. Халықаралық баспа ісін зерттедім, кітап тарату платформаларының жұмысын үйрендім, жүздеген хат жаздым. Көптеген бас тартуларды да көрдім. Бірақ ешқашан тоқтаған жоқпын», – дейді ол.
Осы еңбектің нәтижесінде 2025 жылдың сәуір айында жазушы халықаралық деңгейдегі алғашқы дебютін жасап, бүгінде оның үш кітабы АҚШ-тың 198 ірі кітапханасы мен кітапхана жүйесінің каталогына енген. Бұл жүйелердің құрамына 1500-ден астам кітапхана филиалы кіреді. Сондықтан автордың айтуынша, шығармаларын Америка Құрама Штаттарының кез келген өңірінен табуға болады.
Сүндет Сейітов бұл жетістікті соңғы меже емес, үлкен жолдың бастауы деп санайды. Оның айтуынша, кітаптары АҚШ-тың жаңа кітапханаларына әлі де таралып жатыр, сондықтан алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі. Жазушының ендігі мақсаты шығармаларын Америкамен ғана шектемей, Еуропа, Азия, Африка, Оңтүстік Америка және Австралия кітапханаларының қорына енгізу.
«Қазақ әдебиетінің әлемдік кітапхана кеңістігіндегі орнын кеңейтуге өз үлесімді қосқым келеді. Бұл мәреге жеткен сәт емес, бұл енді ғана басталған үлкен жол», – дейді Сүндет Сейітов.