Үш күнге созылған өнер додасының қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесін ақтаулық Аида Байгелова жеңіп алды. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында ол: «Жас қанат» байқауына қатысқаныма өте қуаныштымын. Талай елдегі ән байқауларын сырттай бақылап жүремін. «Жас қанатты» ұйымдастыру деңгейі шет елдердегі ірі өнер додаларының ешқайсысынан қалыспайды. Жыл өткен сайын дамып, қанатын кеңге жайып келеді. Өзіме келсем, өңірде өткен байқауларды қалт жіберген жайым жоқ. Алған жүлдем де жеткілікті. Ендігі көздеген нысанам - осы байқаудың жүлдесі. Адамды сенім алдамайды деген сөз бар емес пе. Мен өзіме сенемін», - деген болатын. Осылайша, Аиданың сенімі ақталды.