Жасанды интеллект, ғылым және инновация: Президент тамыз конференциясында білім берудің жаңа басымдықтарын айқындады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Президент ұстаздардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтіп, білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде айқындаудың маңызын айтты. Осы ретте жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттыру, ғылыми ізденіске ынталандыру және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу мәселелеріне ерекше мән берілді. Бұл бастамалардың маңыздылығы туралы Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Мархаба Карменова пікір білдірді.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде айқындағанын атап өтті. Бұл шешім Қазақстанның адами капиталын дамытуға және білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне қандай мүмкіндіктер береді?

Мемлекет басшысының жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде айқындауы – Қазақстанның болашақ дамуы үшін аса маңызды шешім. Бүгінде мемлекеттің басты капиталы табиғи ресурстар ғана емес, ең алдымен білімді, білікті және жаңашыл ойлайтын адам екені анық. Сондықтан білім, ғылым және инновацияға басымдық беру адами капиталдың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Әсіресе, бұл жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Университет тек маман даярлайтын мекеме емес, білім, ғылым және инновация тоғысатын орталыққа айналуы тиіс. Білім беру үдерісі ғылыми зерттеулермен, цифрлық технологиялармен, жасанды интеллектпен және нақты экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланыста болуы қажет. Соның нәтижесінде біз еңбек нарығына бейімделген ғана емес, жаңа білім мен технологияларды жасап, елдің дамуына үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыра аламыз. Менің ойымша, мұның өзі Қазақстанның білім экономикасына көшуінің берік негізін қалайды.

Президент дарынды балаларды олимпиадалардағы жетістіктерімен қатар, ғылыми жобалардағы жеңістері үшін де қосымша ынталандыруды тапсырды. Бұл бастама жастардың ғылымға қызығушылығын арттырып, Қазақстанда жас ғалымдар буынын қалыптастыруға қалай ықпал етеді?

Бұл бастама жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Өйткені жасөспірімнің ғылыми ізденісі мен еңбегінің мемлекет тарапынан бағалануы оның өз қабілетіне деген сенімін күшейтетін маңызды мотивация болады. Ғылыми жобаларға қолдау көрсету арқылы біз жастарды дайын білімді меңгеруге ғана емес, зерттеуге, жаңалық ашуға және мәселенің шешімін өз бетінше іздеуге ынталандырамыз. Ең бастысы, мектептен басталған ғылыми қызығушылық университетте жалғасып, кейін кәсіби зерттеушілікке ұласуы тиіс. Осы сабақтастықты қамтамасыз ете алсақ, Қазақстанда ойы еркін, ғылымға құштар, жаңа идеялар мен технологияларды жасауға қабілетті жас ғалымдардың мықты буынын қалыптастыра аламыз.

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу — биылғы негізгі бағыттардың бірі. Педагогтер мен оқушылардың AI құралдарын тиімді әрі жауапкершілікпен қолдануы үшін қандай жаңа мүмкіндіктер мен қолдау тетіктері қалыптасады?

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу – заман талабы және білім сапасын арттырудың жаңа мүмкіндігі. AI педагогтің орнын алмастырмайды, керісінше, оның кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін құрал болуы тиіс. Осы бағытта педагогтер мен білім алушылардың AI сауаттылығын қалыптастыру, арнайы оқыту бағдарламаларын енгізу, цифрлық платформаларға қолжетімділікті кеңейту маңызды.

Сонымен қатар академиялық адалдық, дербес деректердің қауіпсіздігі, авторлық құқық және жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан пайдалану қағидалары қатар қалыптасуы қажет. Осы орайда біздің білім алушылар AI ұсынған дайын ақпаратты жай ғана қабылдамай, оны сыни тұрғыдан талдап, тексеріп, өз білімі мен идеясын дамыту үшін қолдануды үйренуі керек. Сол жағдайда ғана жасанды интеллект білім сапасын арттыратын және жаңа білім мен инновация жасауға мүмкіндік беретін тиімді құралға айналады.

Президент «цифрлық мемлекеттен цифрлық халық экономикасына» көшу қажеттігін айтты. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп оқушылары мен жастардың цифрлық дағдыларын нақты экономикалық мүмкіндіктерге, жаңа кәсіптер мен стартаптарға айналдыру үшін білім беру жүйесінде қандай бағыттарға басымдық берілуі керек?

Білім беру жүйесі цифрлық дағдыларды тек теориялық білім ретінде емес, нақты экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын құзырет ретінде қалыптастырады. Бұл бағытта бағдарламалау, жасанды интеллект, деректерді талдау, цифрлық кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылыққа басымдық берілу керек. Білім алушылар өз идеяларын нақты жобаларға, стартаптарға және жаңа кәсіп түрлеріне айналдыру мүмкіндігіне ие болса деймін. Осындай білім мен практикалық дағдыларды ұштастыру жастардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін ашып, цифрлық экономиканың бәсекеге қабілетті жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу бастамасы айтылды. Бұл жоба Қазақстанның AI саласындағы халықаралық ынтымақтастығын кеңейтіп, отандық білім беру жүйесіне озық тәжірибелер мен жаңа технологияларды енгізуге қандай серпін бере алады?

Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебінің ашылуы еліміз үшін халықаралық тәжірибе мен озық AI технологияларын игерудің жаңа мүмкіндігі деп есептеймін. Мұндай ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламаларын, ғылыми жобаларды және білікті мамандар даярлауды дамытуға жол ашады. Ең бастысы – әлемдік тәжірибені жай ғана қабылдау емес, оны Қазақстанның қажеттіліктеріне бейімдеп, өзіміздің ғылыми және технологиялық әлеуетімізді күшейту.
Қазақстанда қазірдің өзінде Astana Hub, Alem.ai, жоғары оқу орындарындағы AI және IT бағдарламалары, сондай-ақ отандық стартаптар арқылы цифрлық экожүйе қалыптасып келеді. Жаңа мектеп осы әлеуетті Қытайдың технологиялық тәжірибесімен ұштастырып, бірлескен зертханалар ашуға, студенттер мен ғалымдардың ортақ жобаларын дамытуға және қазақстандық AI-стартаптарды халықаралық нарыққа шығаруға жаңа мүмкіндіктер береді.