Жасанды интеллект қазақша жаңалықтарды ым тіліне аударады

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Оның сөзінше, бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындары жасанды интеллектіні оқытумен ғана шектелмей, түрлі салаға арналған өз цифрлық өнімдерін әзірлеуге көшкен.

— Еуразия ұлттық университеті қазақ тіліндегі медиаматериалдарды автоматты түрде ым тіліне аударатын SignBridge AI жүйесін енгізіп жатыр. Бұл жоба қазірдің өзінде Jibek Joly телеарнасында қолданылады, — деді Динара Щеглова.

Вице-министрдің айтуынша, жоғары оқу орындары әзірлеген жасанды интеллект жобалары білім беру, медицина, өндіріс, туризм, қаржы және цифрлық қауіпсіздік салаларында да қолданыс тауып отыр.

Мәселен, Astana IT University күн панельдеріндегі ақауларды дрондардың көмегімен анықтайтын EnergyDronesAI жүйесін әзірлеген. Ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті шахталардағы қозғалысты бақылауға және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Smart Safety Monitor жүйесін жасап шығарған. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болған.

Сонымен қатар Астана медицина университеті телемедицинаға арналған ZhanCare.AI платформасын іске асырып жатыр. Ал Astana IT University трансплантология саласындағы дәрігерлердің жұмысын қолдауға арналған CortexAI жүйесін әзірлеу үстінде. Жоба Сауд Арабиясының халықаралық грантын жеңіп алған.