Осыған орай Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім күнінің демалысқа сәйкес келуіне қатысты түсініктеме берді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
«1 қыркүйек - дәстүрге сәйкес білім күні. Сондықтан биыл да жылдағыдай алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтеді», - деді министр.
Бұл тұрғыда білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтетіні нақтыланды.
Бірінші және 11 сынып үшін 1 қыркүйекте «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді. Ал 2 қыркүйекте – жаңа оқу жылының бірінші күні – «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатымен басталып, әрі қарай сабақ кестесіне сәйкес жалғасады.
Жаңа оқу жылында 4 млн-ға жуық бала білім алады
Жаңа 2024-2025 оқу жылында 351 176 бала 1-сыныпқа қабылданды және оның 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірді.
Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Түркістан облысында (44 мыңнан астам), Алматы облысында (34 мың), Астана қаласында (26 мыңнан астам) тіркелген. 2024-2025 оқу жылында 7 859 мектепте 3,9 миллионнан астам бала білім алады. Сонымен қатар, 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жетті – 219 мыңнан астам бала.
Жалпы, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 369 мың бала қабылданады деп ескерілген. Бұл ретте, 25 тамызға дейін барлық оқулықтар өңірлерге жеткізілуі тиіс. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға тегін тамақ беруді ұйымдастыру және әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
«1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 510 мың бала мектепке дайындалу үшін тиісті көмекпен қамтылды. Осы мақсатта бюджеттен 22,6 млрд теңге қарастырылған», — деді Оқу-ағарту министрі.
Оқушылардың демалысы
ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында 2024–2025 оқу жылының басталу мерзімін, ұзақтығын және каникул кезеңдерін бекітті.
Орта білім беру ұйымдарында 2024 – 2025 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып 25 мамырда аяқталады. Бірінші тоқсанда оқу уақыты 8 апта. Күзгі каникул 28 қазаннан бастап 3 қарашаны қоса алғанда 7 күнге созылады. Екінші тоқсанда оқу уақыты 8 аптаны құрайды. Қысқы каникул 2024 жылдың 30 желтоқсанында басталады және 2025 жылдың 8 қаңтарын қоса алғанда күнтізбелік 10 күнге жалғасады. Бірінші сынып оқушылары үшін үшінші тоқсанда 2025 жылғы 10 ақпаннан 16 ақпанды қоса алғандағы уақытта ұзақтығы 7 күнді құрайтын қосымша демалыс беріледі. Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады. Ал көктемгі каникул 2025 жылдың 21 наурызынан бастап, 31 наурызға дейін жалғасады.
Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ 25 мамырда оқу жылы қорытындыланады.
Жаңа пәндер енгізіле ме?
Жақында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына ешқандай жаңа пән енгізілмейтінін айтты.
«Қаржылық сауаттылық мектептерде жеке пән ретінде оқытылуы мүмкін деген мәліметтер болған еді. Жаңа оқу жылында жаңа пән енгізіле ме?», - деп сұрады тілшілер Астанадағы ауыл педагогтерінің форумынан кейін.
Өз кезегінде Ғ.Бейсембаев Amanat партиясының тарапынан сондай ұсыныс болғанын айтады.
«Жаңа оқу жылында ешқандай артық, жаңа пәндер енгізілмейді. Ал қаржылық сауаттылықтың мақсат-міндеті бөлек. Ол жаһандық құзыреттілік шеңберінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған қосымша білім. Оның қаншалықты маңызды екенін өздеріңіз де статистикасынан көріп отырсыздар. Ол бұған дейін де барлық пәндерге кіріктірілген болатын. Бірақ қоғамдағы белең алған жағдайларға байланысты, Amanat партиясының өтініші бойынша осы бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп қолға алмақшымыз», - деді Ғани Бейсембаев.
Министр елдегі мектептер биыл біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша жұмыс істейтінін еске салды.
«Оның үстіне біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Соның аясында да осы құзыреттер беріледі», - деді ведомство басшысы.
Биыл наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерге сәйкес аталған бағдарлама жаңартылды.
Министрдің мәлімдеуінше, жаңартылған бағдарлама «Әділетті Қазақстан - жауапты азамат - прогрессивті ұлт» триадасы аясында адамгершілігі жоғары, адал және табысты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған.
«Жаңартылған бағдарлама шеңберінде оң құндылықтар мен сапалы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәрбие жобаларын, әлеуметтік практикаларды іске асыру жұмыстары жалғасады», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, елімізде шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспары жүзеге асып жатыр. Оның бір бағыты – шахматты мектеп бағдарламасына вариативті компонент ретінде енгізу. Былтыр пилоттық жоба ретінде еліміздің 7 өңіріндегі 42 мектептің оқушылары шахматты меңгере бастаған.
Ал қазір 750-ден астам мемлекеттік мектеп басшылығы шахматты оқу бағдарламасына енгізуге дайын екенін жеткізген. Бірден айтайық, пән ретінде емес. Қазір білім беру жүйесінде қолданылып жүрген вариативті компонент деген термин бұрынғы факультативті сабақ деген ұғымды білдіреді. Яғни, таңғы ауысымда оқитын оқушы түстен кейін мектепке барып шахмат үйірмесіне қатыса алады деген сөз.
Жоба шеңберінде 1-4 сыныптарға арналған «Шахмат негіздері» оқу бағдарламасы әзірленіп, бекітілген. Оқу бағдарламасы шеңберінде шахматты бастауыш сынып педагогтары үйретеді.
Колледжде стипендия 50 пайызға өседі
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп отыр. Биыл 145 мың грант бөлінді, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға ұлғаяды.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл бірінші жартыжылдықта 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жақсарған.
«Техникалық базаның заманауи стандарттарға сай болуы және студенттерді оқыту мен педагогтердің жұмысы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі маңызды. Биыл 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салынып жатыр. Қазір Павлодар және Түркістан облысында 259 орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді. Талдау нәтижелері кейбір өңірлерде студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл Алматы қаласы (2 349 төсек-орын), Астана (1 291), Ақмола облысы (1 112), СҚО (811) және Алматы (711) облысында тапшылық бар», - дейді ол.
Мектептегі Starlink
Мектептердегі интернет сапасы 2023 жылдың басындағы 19 пайыздан 2024 жылы 90 пайызға артқан.
«Мемлекет басшысының мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасына сәйкес, біз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жыл басынан мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға қатысты жаңа талаптарын бекіттік. Осыған орай мектептердегі интернет сапасы 2023 жылдың басындағы 19 пайыздан 2024 жылы 90 пайызға артты. Бұл жұмыс ары қарай жалғасуда», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Қазір мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында Starlink жабдықтары орнатылып жатыр. Тамыз айының басындағы мәлімет бойынша қамтылуы тиіс 1 879 мектептің 1 731-інде Starlink жүйесі орнатылған.
«Ал шекара маңында орналасқан 137 мектепте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі терминалдарды жандандыру жұмысын жүргізіп жатыр. Дегенмен, Жамбыл, ШҚО, Атырау, Павлодар, Түркістан, БҚО және Ұлытау облыстары мектептердегі интернет жылдамдығын арттыру бағытындағы жұмыстарын жеделдетіп, оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет», - дейді министр.
Жаңа мектеп
Премьер-Министр Олжас Бектенов білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды.
«1 қыркүйекке қарай жаңадан 61 мектеп ашу жоспарланып отыр. Мектептерді тапсыру бір бөлек, оларды оқушыларды қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқару керек. Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитариялық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау қажет. Жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, спорт залдарын жабдықтау керек. Бұл – тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру объектілеріне қатысты қойылып отырған талап», - деді О.Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы бірқатар өңірде кейбір оқу орындарының дайындығы тиісті деңгейде емес екенін айтты.
Айтпақшы, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордада дәстүрлі Тамыз саммитінде елімізде 8 мың мектептің ішінде 106 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Жайлы мектеп» және басқа да жаңа мектептер құрылысы арқылы биыл 92 мектеп мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз. Былтыр дәл осындай 29 мектептің мәселесін шештік, келесі жылы үш ауысымды мектеп мәселесін түбегейлі шешуді көздеп отырмыз», - деді министр.
Сонымен бірге, министр бүгінде 2900-дан астам мектеп бір ауысымда жұмыс істейтінін атап өтті.
Балаларды мектепке ауыстыру қызметі автоматтандырылды
Қазақстанда балаларды мектептер арасында ауыстыру бойынша мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Енді ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды үйден шықпай-ақ, eGov.kz порталында жүзеге асыра алады. Онда тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс жерлерде көрсетілген кез келген білім беру ұйымын таңдау мүмкіндігі беріледі.
Жаңа процесс есептен шығару және бекіту талондарын, сондай-ақ жеке іс құжаттарын тапсыруды қажет етпейді. Мектеп таңдаған кезде оқу тілі де көрсетіледі. Сондай-ақ өтініш берушінің өтінімді қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызметті алу үшін:
• eGov.kz порталында тіркеуден өтіп, «Білім» бөліміне өту керек;
• «Орта білім» бөлімінде «Балаларды мектептен мектепке ауыстыру үшін құжаттарды қабылдау» мемлекеттік қызметін таңдап, қажетті жолдарды толтыру және ЭЦҚ көмегімен өтінішке қол қою қажет;
• қызмет нәтижесімен Жеке кабинетте танысуға болады.
Айта кетейік, жаңа мемлекеттік қызмет түрін ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР ЦДИАӨМ, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп әзірледі.
Буллингке қарсы бағдарламаны іске асыру жалғасады
Оқу жылының басынан бастап еліміздің тоғыз өңірінде «ДосболLIKE» буллингке қарсы бағдарламасын апробациялау жалғасады. Оған 70 мыңға жуық оқушы және білім беру ұйымдарының 5 мыңнан астам қызметкері қатысады.
«Пилоттық бағдарламаны жүзеге асыру үшін аймақтарды таңдау кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлық көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілді. Бағдарламаны апробациялау барысында пилоттық мектептердің барлық қызметкері үшін мектеп ұжымдарында даулы жағдайлардың туындауына әсер ететін себептер мен факторлардың алдын алу және анықтау бойынша іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ «ДосболLIKE» бағдарламасын іске асырудың міндеттері мен әдістерін түсіндіру бойынша оқушылар мен ата-аналарға арналған түрлі іс-шара қарастырылған», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, аталған жұмыс оқу жылының соңына дейін жалғасады, бұл бағдарламаның нәтижелілігін неғұрлым тиімді бағалауға және оны елдің білім беру ұйымдарында одан әрі енгізу үшін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
Шашы боялған оқушылар мектепке кіре ала ма?
«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» республикалық тамыз саммитінде министрге «Шашы боялған оқушылар мектепке кіре ала ма?» деген сұрақ қойылды.
«Биылдан бастап министрліктің қойып отырған талабы – мектептің ішкі ережесін сақтау. Мектеп бірінші кезекте өзінің негізгі миссиясынан ауытқымауы керек, бұл сапалы білім, саналы тәрбие беру. Мектептің ішкі тәртібінде балалардың үлгерімінің жоғары болуы, тәртіпті сақтауы және мектеп формасын қатаң ұстануы – бекерден-бекер жасалған дүние емес. Бұл жастарымыздың әлем жастарынан кем болмауына түркі болатын жағдаяттар. Сондықтан біздің ата-аналар да, оқушылар да мектепке келгенде мықты білімді азамат болып шығуды, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуды мақсат етуі керек. Бұл мәселеде мектептің ішкі тәртібіне бағыну керек, яғни болмайды, тәртіпті сақтауымыз керек», - деді Оқу-ағарту министрі.
Олимпиадада білімін дәлелдеген оқушыға сыйақы бар
Оқу-ағарту министрлігі халықаралық білім олимпиадасында жетістікке жеткен оқушыларға берілетін сыйақы көлемін жариялады.
Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропа және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100% нәтиже көрсете білді.
Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді.
Алтын медаль үшін 1500 АЕК (5 538 000 теңге), күміс медаль үшін 1000 АЕК (3 692 000 теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1 846 000 теңге) төленеді. Одан бөлек, оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған.
Педагогтер мен оқушылар жасанды интеллектіні меңгереді
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ, «Astana hub» халықаралық технопаркімен және «Өрлеу» БАҰО АҚ-мен бірлесіп оқушылар мен педагогтерге арналған бағдарламалау негіздерін оқытатын онлайн-білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосты.
Бастапқы кезеңінде 300 мұғалім мен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттыруда. Биыл 31 желтоқсанда аяқталатын курстар алты айға жоспарланған. Курс аяқталған соң әрбір қатысушыға сертификат беріледі, олар әрі қарай оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқыта алады.