Жасанды интеллект және ұлттық құндылықтар: EL UMITI CAMP 2026 дарынды оқушыларды біріктіреді

Бүгін EL UMITI CAMP 2026 жазғы лагері салтанатты түрде ашылды. 

EL UMITI CAMP лагері бес жылдан бері еліміздің дарынды мектеп оқушыларының басын қосып келеді. Осы уақыт аралығында лагерьге 800 бала қатысып, 100-ден астам спикер тәжірибе бөлісті. Сонымен қатар 100-ден астам білім беру және мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Биыл лагерь 200 оқушыны қамтыған. Олардың ішінде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының қатысушылары мен жеңімпаздары, «El Umiti Talent» пәндік олимпиадасының жүлдегерлері, сондай-ақ «Qabilet», «El Umiti Premiasy» және «Aitys» жобаларының белсенді қатысушылары бар.

Былтыр лагерь Бурабай мен Зерендінің көркем табиғаты аясында өткізілсе, биыл алғаш рет Ақмола облысының Ақкөл ауданында ұйымдастырылып отыр. Лагерь 10 күнге жоспарланған.

Фото: fnn.kz

Лагерьдің негізгі бағыты – білім беру және тұлғалық даму. Күн сайын қатысушылар үшін «El Umiti» корпоративтік қоры мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі түрлі тренинг, шебердің сабағы, мотивациялық кездесу, әр саладағы жетекші мамандардың дәрісі мен Қазақстанның даму тарихына арналған квест ұйымдастырады.

Осылайша, оқушылар көркем табиғат аясында демалумен қатар, қажетті дағды меңгеріп, жаңа білім алып, тәжірибе жинақтайды. 

Биылғы лагерьдің басты тақырыбы – жасанды интеллект. Қатысушылар мамандардың жетекшілігімен заманауи AI-құралдарын меңгеріп, іс жүзінде қолдануды үйренеді.

Бағдарламада ұлттық құндылықтарды насихаттауға баса назар аударылған. Қатысушылар үшін асық атудан турнир, сазсырнайда ойнау бойынша шебердің дәрісі, сондай-ақ қаржылық сауаттылыққа арналған сабақтар өткізіледі.

Лагерьдің ерекше сәттерінің бірі отандық эстрада әншілері Qanay мен Еркеш Хасен қатысатын концерт болмақ.