Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков айтып берді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде жастардың өмірін әлеуметтік желі мен интернетсіз елестету қиын. Ақпараттың басым бөлігі дәл осы платформалар арқылы таралады. Алайда пайдалы контентпен қатар, түрлі жалған идеологиялар, радикалды көзқарастар мен ұлттық болмысқа жат дүниелер де жасөспірімдердің санасына әсер етіп жатыр.
Патриоттық тәрбие – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі
Министр орынбасары қазіргі кезеңде жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру аса маңызды екенін айтты.
Патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік және халық тағдырына жауапкершілік сезімі жастарды рухани тұрғыдан күшейтеді. Сондықтан патриоттық тәрбие – тек тәрбиелік мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі, – деді ол.
Оның айтуынша, жастар өз халқының тарихын, тілін, мәдениеті мен дәстүрін терең түсінгенде ғана түрлі теріс ақпараттық ықпалдарға қарсы тұра алады.
Патриоттық тәрбие отбасынан басталады
Сұхбат барысында Асқар Мұстабеков жастардың елге қызмет етуге деген ынтасын қалыптастыруда отбасының рөлі ерекше екенін атап өтті.
Баланың бойындағы алғашқы құндылықтар дәл отбасында қалыптасады. Ата-ананың елге, тілге, мемлекеттік рәміздерге деген құрметі – жасөспірім үшін үлкен тәрбие.
Бала отбасында үлкенді сыйлауды, еңбекқорлықты, жауапкершілікті және Отанды сүюді үйренеді. Үлкендердің әскери қызметке деген оң көзқарасы жастардың елге қызмет етудің маңызын түсінуіне көмектеседі, – деді министр орынбасары.
Оның сөзінше, мектеп те бұл тәрбиені жалғастыратын маңызды орта. Әсіресе бастапқы әскери дайындық сабақтарының рөлі жоғары.
«Жас сарбаз» қозғалысына 270 мыңнан астам жас қатысады
Соңғы жылдары Қазақстанда әскери-патриоттық тәрбие бағытында бірқатар жаңа жобалар қолға алынған.
2023 жылы елімізде 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар жастарға арналған форумдар, әскери-спорттық жарыстар мен патриоттық кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Бүгінде «Жас сарбаз» қозғалысына 270 мыңнан астам жас қатысып жүр.
Бұл ұйым жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және Отанды сүюге тәрбиелеуге бағытталған, – деді Асқар Мұстабеков.
Сонымен қатар халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны да тұрақты өткізіліп келеді.
Әскер жаңа форматта насихатталып жатыр
Қорғаныс министрлігі қазіргі жастармен жұмыс істеуде әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларға көбірек көңіл бөліп отыр.
Қазір армия туралы деректі фильмдер, подкасттар, бейнероликтер мен арнайы цифрлық жобалар дайындалуда. Бұл жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Солардың бірі – ARMIA.KZ ақпараттық платформасы.
ARMIA.KZ – әскери қызметті таныстыруға және армияның беделін арттыруға арналған жоба. Қазір сервис сайт ретінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта мобильді қосымша шығару жоспарланып отыр, – деді ол.
Министрдің мәліметінше, сайттағы цифрлық әскери кеңесші арқылы азаматтар қажетті ақпарат алып, өз сұрақтарына жауап таба алады.
Әскерге сенім қалай қалыптасады?
Соңғы жылдары қоғамда әскер тақырыбы жиі талқыланып жүр. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі армия жұмысының ашықтығын күшейтуге басымдық беріп отыр.
Қазір әскери бөлімдерде ашық есік күндері, пресс-турлар және жастармен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар әскери психологтардың жұмысы күшейтіліп, кері байланыс жүйелері енгізілуде.
Қоғамның әскерге деген сенімі мемлекет пен халықтың бірлескен еңбегі арқылы қалыптасады, – деді Мұстабеков.
Бүгінде Қазақстанда патриоттық тәрбиеге деген көзқарас та өзгеріп келеді. Жастарды әскери қызметке тек міндет ретінде емес, ел алдындағы жауапкершілік пен азаматтық ұстаным ретінде қарауға басымдық берілуде.
Ал білімді, елін сүйетін және жауапкершілігі жоғары жастар – Қазақстанның болашағы мен қауіпсіздігінің басты кепілі.