Жастар жоғары жалақы іздейді: Қазақстандықтар жаппай жұмыстан кетіп жатыр

Осы жылдың алғашқы жартысында шамамен 500 мың қазақстандық жұмыстан шықты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, олардың 80%-дан астамы өз еркімен арыз жазған. Тағы 8 мыңға жуық адам қысқартуға іліккен. Еңбек нарығындағы жағдайға Сaravan.kz медиа порталы шолу жасайды.

Жұмыстан кеткендердің басым бөлігі бұған дейін өнеркәсіпте, саудада, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару саласында еңбек еткен.

Ең жоғары кадр ауысуы жылжымайтын мүлік, жарнама, бөлшек сауда және туризм салаларында тіркелді. Тұрақсыздық киноиндустрияда, музыка саласында және жұмыспен қамту агенттіктерінде де байқалады.

Қазақстандықтардың айтуынша, жұмыстан шықпас үшін дұрыс еңбекақы мен жақсы еңбек жағдайларын жасау керек. Атап айтқанда, олар мынадай мәселелердің шешілуін қалайды:

-жалақының көтерілуі,

-әділ жұмыс кестесі және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік,

-тұрғын үй мәселесін шешу арқылы қызметкерлерді ұстап қалу.

Сарапшылардың айтуынша, еңбек нарығындағы негізгі сын-тегеуріндер 2026 жылы жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен байланысты болмақ.

Әсіресе шағын және орта бизнеске, сондай-ақ көбіне жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін шығармашылық салаға әсер етеді. ҚҚС енгізілуі шығындардың өсуіне әкеліп, кейбір қызмет түрлерін тиімсіз етуі мүмкін. Соның салдарынан бірқатар компания нарықтан кетсе, кейбір қызметкерлер көлеңкелі жұмысқа ауысуы ықтимал. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық пен кадр тұрақсыздығын арттыруы мүмкін.

2023 жылдан бастап шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы төмендегені аталып өтті. Бұған дейін Қазақстанда бизнес ашып, жұмыс орындарын ұсынған көптеген ресейліктер бүгінде нарықтан кетіп жатыр. Экономистер елде стагнация белгілері мен экономикалық жағдайдың нашарлағанын атап өтуде.

Жастар және еңбек нарығы

HR мамандарының пікірінше, кадр тұрақсыздығының бір себебі – жастардың жиі жұмыс ауыстыруы. Олар мансаптық өсуден гөрі жоғары жалақыны көбірек іздейді. Дегенмен, жаппай жұмыстан шығу шетелге кетумен байланысты емес. Қазір визаны алу қиындап кеткен.

Мемлекет не істеп жатыр

Еңбек министрлігінің мәліметінше, жұмыспен қамтуды қолдау үшін түрлі шаралар іске асырылуда. Бүгінде республикада жасына және кәсіби дағдыларына байланысты алты түрлі субсидияланатын жұмыс орны қарастырылған:

-субсидияланатын жұмыс орны,

-қоғамдық жұмыстар,

-«алғашқы жұмыс орны»,

-«буындар келісімі» бағдарламасы,

-жастар тәжірибесі және т.б.

Мұндай жұмыс орындары жұмыс берушілер мен жұмыспен қамту орталықтары арасындағы келісімшарт негізінде құрылады. Мұнда қызметкерлердің жалақысын мемлекет толық немесе жартылай төлейді. Бұл ресми тіркелген жұмыссыздарды еңбекке орналастыруға мүмкіндік береді.

Жарамды бос жұмыс орнын арнайы порталдан табуға болады. Бүгінде онда 83 мыңнан астам хабарландыру жарияланған.