Күйзеліске жеткізген той жарысы: Бір күндік сән-салтанаттың бағасы биыл қанша?

Қазір тойлар бұрынғыдай шағын отбасылық қуаныш емес, миллиондаған теңге жұмсалатын сән-салтанатты жарысқа айналып барады. Экономикалық қиындықтар мен инфляцияға қарамастан, жастардың көпшілігі ауқымды, әдемі той жасаудан бас тартпайды. Неліктен? Caravan.kz медиа порталы мамандардың пікіріне сүйене отырып тақырыпты жалғастырады. 

Үйлену тойларын ұйымдастыратын маман Айгүл Сәрсенованың айтуынша, тойға кететін шығындар жылдан жылға артып келеді. Себебі мейрамхана мен банкет залдарының бағасы, безендіру, тамақ, фотограф, видеограф, жүргізуші мен музыканттардың қызметі қымбаттаған. Биыл той өткіземін дегендер үшін түрлі форматтары қарастырылған дейді маман. Мысалы 100 адамға арналған тойды үш сегментке бөліп қарастыруға болады. 

Эконом-сегмент. 5 миллион теңгеден басталады. Бұл дәстүрлі, қарапайым той. Банкет залы жалға алынып, бір адамға 25-30 мың теңге көлемінде ас мәзірі ұсынылады. Минималистік декор, қарапайым жүргізуші мен диджей, стандартты фото және видеотүсірілім қарастырылады. Арнайы шоу-бағдарлама болмайды. Дегенмен, қарапайым той да әсерлі өтуі мүмкін, атмосфера мен қонақжайлылыққа байланысты. 

Орта сегмент. Ең көп таңдалатын түрі. Бағасы шамамен 10 миллион теңгеден басталады. Мұнда бір адамға шақталған ас мәзірі 50 000 теңгеге дейін жетеді. Жеке стильдегі безендіру, гүлдермен әсемдеу, танымал жүргізуші, жанды музыка, шоу-бағдарлама, кәсіби түсірілім және арнайы координатор қызметі кіреді. Мұндай формат ыңғайлы, тартымды және есте қаларлық кеш ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Премиум-сегмент. 20 миллион теңгеден жоғары. Бұл ерекше концепциямен, режиссурамен өтетін тойлар. Элиталы залдар жалға алынып, жоғары сапалы ас мәзірі (бір адамға 60 000 теңгеден жоғары), танымал жүргізуші, арнайы шақырылған әртістер, хедлайнерлер, премиум деңгейдегі видео түсірілім және кәсіби ұйымдастырушылар тобы жұмыс істейді. Мұндай тойлар ерекше әсер қалдыратын, мағынасы терең оқиға.

2025 жылы “толық ұйымдастырылған” тойларға сұраныс айтарлықтай артқан. Жұптар тойдың бүге-шігесіне дейін өздері айналысқысы келмейді. Керісінше, мамандарға сеніп тапсырып, тек эмоция мен жақындармен кездесуге көңіл бөлгісі келеді. 

«Қазіргі жас жұбайлар тойда не маңызды екенін алдын ала шешіп алады. Мысалы атмосфера ма, сыртқы көрініс пе, музыка ма, әлде достармен және туыстармен қарым-қатынас па. Сол шешім форматты айқындайды», - дейді маман. 

Алайда сәнді тойдың салдары күйзеліске әкелуі мүмкін. Психолог Әлия Жұмағұлованың пікірінше, қазақ қоғамындағы ауқымды той өткізу дәстүрінің тарихи тамыры бар. Бұрын тойлар сирек болатын, адамдарға демалыс орны іспеттес еді. Қазір тенденция өзгерді, тойлар әлеуметтік мәртебе мен табысты көрсетудің құралына айналды. 

“Кей адамдар той арқылы қоғамның мойындағанын қалайды. Сән-салтанат өзін және отбасын көрсету тәсіліне айналды”, - дейді Жұмағұлова.

Заманауи жарыс эмоционалдық және қаржылық күйзеліске әкеледі. Психолог мұны “той жарысы” деп атайды.

«Әр той басқалардан асып түсуі керек деген оймен жасалады. Жас жұбайларға және олардың ата-аналарына ауыр тиеді. Қымбат тойлардың соңы қарызға тірелуі де ғажап емес. Нәтижесінде, жас отбасы өмірін қарызбен бастайды, ал бұл келешек қарым-қатынасқа кері әсер етеді. Мұндай жағдайда күйеу жігіт ашуланшақ, қалыңдық ренішті немесе енжар болуы мүмкін», - дейді маман. 

Психолог тойды жоспарламас бұрын қарапайым сұрақтар қоюды ұсынады:

«Той біздің өмірімізге қалай әсер етеді?»

«Біз неден бас тартамыз?»

«Бұл салтанат шын мәнінде біз үшін маңызды ма?»

Ол жастарға тойдан кейінгі өмірге мән беруге кеңес береді. 

“Нағыз мақтаныш тойда емес, махаббат пен сенімге негізделген мықты отбасында. Ақшаны қарызға емес, пәтерге, бала болашағына немесе өмір сапасын жақсартуға жұмсаған жөн”, - дейді ол.

Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 100 адамға арналған орташа тойды өткізуге 8,2 миллион теңге жұмсалған.  2022 жылмен салыстырғанда 15%-ға артық. Инфляция мен нарықтағы өзгерістерге байланысты 2025 жылы бұл көрсеткіш 10-12 миллион теңгеге жетуі мүмкін. Соңғы екі жылда банкет залдарын жалға алу - 12%, жүргізуші қызметтері -18%, ал безендіру мен флористика - 20%-ға қымбаттаған.

Әлеуметтік сауалнамалар да ойландырады. Қазақстандықтардың 62%-ы үйлену тойын маңызды отбасылық оқиға деп санайды. 47%-ы керемет той жасау үшін несие алуға дайын. Бірақ несие алғандардың 38%-ы алғашқы жылы қаржылық қиындыққа тап болғанын мойындайды.