«Жастардың әскери борышын бір жыл ғана өтеуі тым аз»: Ауған соғысы ардагері

Мектепте жастарға әскери патриоттық тәрбие беру әрі әскери қызметті түсіндіру көбіне оқытушыларға жүктеледі. Дегенмен бұл тұрғыда Қарулы Күштер қатарында болған, елге еңбегі сіңген әскери қызметшілердің тәрбиесі, қосқан үлесі жастарға әскери патриоттық тәрбиені түсіндіруде үлкен ықпал етеді.

Ал елімізде ондай тұлғалар жетерлік. Солардың бірі Бақытжан Мейірбайұлы Орынбасаров. Ол Ауған соғысының ардагері. Бүгінде Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы «Ауған соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісіне көп араласатын Бақытжан Мейірбайұлы Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне өз ойымен бөлісті.

- Мен Кеңес Одағы кезінде әскер қатарына 1978 жылы шақырылып, алғашқы жылы Чехословакияда болдым. Сол жақта әскери борышымды өтеуді бастадым. Ал екінші жылы біздің полкты Ауғанстанға жіберді. Сол жерде әскери борышымды жалғастырдым. Біз былайша айтқанда ең бірінші болып ауған жеріне кірген сарбаздар қатарынанбыз. Енді соғыс оты тұтанған елге ең бірінші кіргендерге өте қиын болды. Бірақ соның бәріне шыдап, қазақ деген намысымызды қолдан бермедік. «Кімнен кембіз, ел қатарлы жүру» керек деген ой болды. Ол кезде тәрбие де басқаша болған шығар. Әйтеуір Отан алдындағы міндетімізді оң атқарып шықтық.

Біз ең бірінші Құндыз провинциясына келіп түстік. Бұл Солтүстік Ауғанстандағы мотоатқыштар полкы болды. Кейін алты айдан кейін полк Ташқорған аумағына ауыстырылды. 122 мотоатқыштар полкы болдық. Оны ауғандықтар «ташқорғандық мотоатқыштар полкы» деп атайтын. Содан кейін мен борышымды өтеп болып, елге қайттым. Ал менің полкым біз кеткеннен кейін қайта жасақталып, әйгілі «Қара майор» Борис Керімбаевтің қарамағына өтті. Ал «Қара майордың» Ауған жерінде аңызға айналғанын барша ел біледі. 

Телеканал «Царьград

- Бүгінгі жастардың қандай іс-әрекеті өзекті өртейді?

- Біздің ел үлкен, бай мемлекет. Қазақ жерінің астында да, үстінде де барлық қазба байлықтары бар. Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтер кездеседі. Тіпті біз Араб Әмірліктерінен де артық бақуатты тұруымыз керек. Бір өкініштісі тепсе темір үзетін жігіттеріміз бос жүр. Соған қарным ашады. Бізге жастардың саналы, оқымысты болғаны, өз елінің патриоты болғаны керек. Өйткені осындай бай, алып елді қорғайтын, ғылымын игеретін қазіргі жастар.

Қазір 61 жасқа келдім. Осы Әуезов ауданы бойнша мектептерге, балалармен, жөсөспірімдермен кездесулерге барып тұрамын. Олардың ыстық лебіздерін көріп, сұрағандарына жауап беріп жатырмыз. Қазақстан Республикасының азаматы болғасын лайықты тәрбие беріп жатырмыз. Өз еліңе, өз жеріңе адал бол, лайықты бол деп тәрибе беруге тырысып жатырмыз.

- Кейбір жастар әскер қатарына барудан жалтарып жатады, оларға не айтар едіңіз?

- Ер адам жігіт болған соң оның ең бірінші азаматтық борышы ол – Отанды қорғау. Қарулы күштерде әскер қатарында болып, үйренгеннің, пісіп жетілгеннің еш зияны жоқ. Жаман айтпай жақсы жоқ. Неге кезінде Ауған елінде соғыс болды? Себебі, өзінің халқы бір-бірімен келісе алмады. Екіншіден, елінің саясаты нашар болды және қарулы күштері өте әлсіз болды. Ақыры ол ел екі державаның құрбанына айналды. Ондай жағдай болмас үшін біздің елдің Қарулы күштері мықты болу керек. Жастардың білімі жоғары болу тиіс. Біздің елімізге де, байлығына қызығып, көз алартып отырған елдер жоқ емес. Сондықтан осы елді қорғайтын жастар. Сол себепті жастардың әскери борышын өтеуден жалтаруы дұрыс емес. Керісіше әскери мамандықты таңдап, өздерін Қарулы күштерде қызмет етуге, Отанды қорғауға арнаса құба-құп.

- Жастарды әскерге қызықтыру үшін не істеу керек?

- Бәрімізге осы салада барынша жұмыс істеу керек. Олардың патриотық сезімін ояту керек. Бұрын біздің де әкелеріміз Ұлы Отан соғысының ардагері болды. Ол да үнемі мектепке кетіп, қалай соғысқанын жайлы, жауды көп ұлт болып бірлесіп жеңгені жайлы оқушыларға айтып отыратын. Біз де жас өскіндерге түрлі ақыл-кеңесімізді жеткізуге тырысамыз.

Ser-per.kz

- Қалай ойлайсыз бір жыл әскерде болу аз ба, көп пе?

- Меніңше әскер қатарында бір жыл ғана болып, борышын өтеу өте аз. Бір жылда ештеңені үйрене алмайды. Кемінде екі жыл болу керек.

- Өткен жылы Әуезов аудандағы «Ауған соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі атынан бастамашыл топ еліміздің Білім және ғылым экс-министрі Сағадиевтің атына хат жолдадыңыздар. Ол кезде нақты не мәселені қозғадыңыздар?

- Иә, былтыр Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарығанына 30 жыл толды. Сол 30 жылдықтың қарсаңында, яғни ақпан айында Әуезов ауданындағы ауған соғысы ардагерлері жиын өткізді. Онда күн тәртібіне жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселесі қаралды. Жалпы 2019 жыл Президент Жарлығы бойынша Қазақстанда  "Жастар жылы" деп жарияланды. Біз ауған соғысы ардагерлері ретінде бұл жағдайдан сырт қала алмаймыз. Сол себепті бірқатар мәселені шешу мақсатында бастамашыл топ құрылды. Ол жастардың, өскелең ұрпақтың патриотық рухын көтеруді мақсат етеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауғанстандағы соғыс Кеңес дәуіріндегі ең қайғылы сәттері болып табылады. Ол тек Ауған соғысы ардагерлерінің ғана емес, кейінгі ұрпақтың да мәңгі есінде қалады»,- деді. Ауған жерінде өмірге үлкен жоспар құрған көптеген жас жауынгерлер құрбан болды. Мыңдаған жастардың өмірі өзге елдің топырағында, майдан даласында қыршыннан қиылды. Мыңдаған адам жарақат алып қайтты. Соғыстан оралғандардың жүрегінде жазылмас жара қалды. Тәуелсіз Қазақстан көрші елдер мен әлемге бейбітшіліктің үлгісін көрсетіп отыр және солай болып қала береді. Еліміздің ұстанған саясаты, негізгі бағыты тыныштық пен өзара келісімді көздейді.

Ауған жерінде мерт болғандар мен ерлік жасағандарды ұмытпау борышымыз. Бүгінде ауған қақтығысы тәуелсіз Қазақстанның тарихында қандай рөл атқарады деген мәселе өткір әрі өзекті болып тұр. Отандық тарихшылардың бұл тұрғыдағы ұстанымы қандай? Біз сол соғыста от кешкен ауғандықтар, оның барлық ауыртпалығын көрген сарбаздар ретінде өткенге көз жүгірте отырып, өзге елде борышымызды өтей жүріп халықаралық терроризм мен наркобизнеске тосқауыл қойғанымыздық түсінеміз. Алайда Қазақстан тарихының мектептегі, жоғары оқу орындарындағы оқулығына көз жүгірте отырып ауған соғысы жайлы құрғақ статистика түрінде бірнеше сөйлем ғана жазылғаны көріп көңілімізге қаяу түсті. Қазақ даласының ұлдары ата-бабалары сияқты нағыз жаужүрек жауынгер екендіктерін ерліктерімен дәлелдеді. Көптеген әскери шараларға қатысты. Бес қазақстандық Кеңес Одағының ең жоғары марапатына ие болды. Бірақ аталған мәселелер жайлы кітаптарда аз жазылған. Құрғақ санға құралған сияқты көрінеді. Бұл соғыстың батырлары ұмыт болған. Аталған қақтығысқа түсініксіз баға берілген. Өз ұрпақтарымызға сонда қандай мұра қалырамыз деген сұрақ туындайды. Сондықтан егер жастармызға әскери-патриоттық тәрбие береміз, отансүйгіштікке тәрбиелейміз десек өткен тарих пен ерлік істер ұмытылмау керек. Әсіресе Ауғанстандағы соғысқа әділ баға берілуі тиіс.