Жат ағымдағылардың басты құралы - әлеуметтік желі

Дінтанушы Елнар Берікбаев колледж студенттеріне экстремизм мен терроризмнен келетін қауіпті түсіндірді. Оның айтуынша, олар жастарды радикалдандыру үшін көбіне әлеуметтік желіні пайдаланады. Әсіресе діни сауаты жоқ, жұмыссыз жастарды еліктіріп, қатарына тартады.

«Жат ағымға ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қарсы агрессиялық сипатта екені белгілі. Ал адам баласының бойында қалыптасқан көзқарастық агрессия түбінде іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Бұған елімізідің бірнеше аймағында орын алған террорлық оқиғалар дәлел»,- дейді Елнар Берікбаев.

Дәріскердің айтуынша, ғаламторда жарияланған бейнематериалдардан қылмыскерлердің жеткілікті деңгейде дайындығы жоқ жастар екені көрінеді. Тіпті қаруды қалай ұстауды дұрыс меңгермеген. Бірақ олар діни агрессиялық тұрғыдан қажетті деңгейде қан төгуге, тіпті өлуге дайын. Бұлардың арасында діни сауаты терең тұлғалар жоқтың қасы.

«Сәләфилік ағымның ерушілері ғана емес, уағызшыларының өзі жоғары деңгейде діни сауатты емес. Себебі, қажет кезінде бүлдіргіш ретінде пайдаланатын тараптарға олардың діни сауатының жоғары болғаны аса қажет емес. Олар арнайы пәтуамен (нұсқаумен) ғана басқара алады»,- дейді дінтанушы.

Елнар Берікбаев студенттерге террорист пен қылмыскердің айырмашылығын айтып берді.


«Терроризмнің көздегені - саясат пен қаржы. Бұл топ мемлекет ішіне өз тұрғындары арқылы іріткі салады. Бір-біріне айдап салу арқылы халық арасында үрей туғызады. Олар көбіне құқық қорғау органдарына шабуыл жасайды. Бейкүнә балаларды өлтіруге дейін барады. Тіпті өзін-өзі жарып жібереді. Ал қылмыскер не істейді? Ол жасаған қылмысын жасыруға және қашуға тырысады. Террорлық ұйым қылмыс жасағанын мойындайды. Яғни көпшілікке ешкімнен қорықпайтынын дәлелдегісі келеді «,- дейді дәріскер.

Дәріс соңында Елнар Берікбаев жастарға дін жайында бірнеше сауал қойып, ашық диалогқа шақырды. Студенттер маманға бар білгенін айтып берді.

Айта кетейік, мегополис жастарына Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастырумен теолог, дінтанушы, психолог, сарапшы мамандар экстремизм және терроризм тақырыбында дәрістер өткізіп жүр.