Соңғы айларда қазақ жерінен шекара асқан ұл мен қыздың қорлыққа ұшырауы жиілей бастады. Мәселен, америкалық өгей ата-ананың елімізден асырап алған екі жасөспіріммен жылдар бойы жыныстық қатынасқа түскені жақында әшкере болған. Бұл халықаралық жанжалға ұласқан оқиға басылмай жатып, АҚШ-та тағы бір масқара жәйттің беті ашылды. Америкалық отбасылар бауырына басқан балалары ұнамай қалса, ғаламтор арқылы басқа шаңыраққа ойланбастан өткізе салады екен. Тауар секілді қолдан қолға өткендердің арасында Қазақстаннан асырап алынған 4 жеткіншек барын айтқанбыз. Осыған шамданған депутаттар Бас прокуратура үнсіз отыра бермей, Білім министрлігінен бастап, жат жерге кеткен балғындар тіркеуге алынатын шетелдегі консулдықтардың жұмысын түгел тексеру керек деп күшке мініп отыр.