Жатақхана таппай жүр, талай қазақ баласы

Алматыда студенттердің баспанамен қамтамасыз етілуі биылғы жылдың ең өзекті мәселелерінің бірі. Елдегі ең ірі білім орталығы саналатын мегаполисте 200 мыңға жуық студент оқиды, олардың басым бөлігі басқа өңірлерден келген жастар. Алайда жатақхана тапшылығы әлі де шешілмей отыр. Жаңа оқу жылында 8 мыңнан астам студентке орын жетіспейді деген болжам бар. Мемлекет пен қала әкімдігі жаңа жатақханалар салып, хостелдер мен қонақүйлерді уақытша шешім ретінде пайдалануда. Дегенмен, студенттердің көбі қолайсыз жағдай мен жоғары бағаға байланысты пәтер жалдауды таңдап отыр. Caravan.kz медиа порталы шолу жасап көрді.

Қазақстанда студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы жыл сайын көтерілетін мәселе. Әсіресе студенттердің 30%-дан астамы оқитын Алматы мегаполисі күн тәртібінен түспейді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025/2026 оқу жылында республика бойынша жатақханаларда шамамен 8000 орын жетіспейді, оның басым бөлігі Алматыға тиесілі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Әкерке Абылайхан бұл алдын ала болжам екенін атап өтті, себебі ақылы бөлімге құжат қабылдау әлі жалғасуда. Дегенмен министрлік өкілдері бірде-бір студенттің жатақханасыз қалмайтынын мәлімдеді. Оларды орналастыру үшін тек студенттерге арналған жеке қонақүйлер мен хостелдер пайдаланылады. Мұндай орындарда тұру ақысы айына 40 мың теңгеден аспауға тиіс.

Студенттерге арналған тұрғын үй тапшылығы демографиялық өсіммен және талапкерлер санының көбеюімен байланысты. 2025 жылы Алматыдағы жоғары оқу орындары грант бойынша шамамен 32900 студентті қабылдады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1600-ге көп. Мектеп бітірушілер саны да сол кезеңде 44 мыңнан 55 мыңға дейін өсті. Бұл мегаполисте, студенттік инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсірді. Алматыда қазір 199 мың студент оқиды, олардың 124 мыңы басқа өңірлерден келгендер. 2023 жылы қалада орын тапшылығы 13 мыңға жеткен, азайғанымен, мәселе әлі де өткір.

2018–2024 жылдары Қазақстанда 62 045 орынға арналған 251 жатақхана салынды. Оның ішінде жоғары оқу орындарына – 43 292 орынға 160 жатақхана, колледждерге – 18 753 орынға 91 жатақхана. 2025 жылы 10 439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде университет студенттеріне арналған 8325 орындық 20 жатақхана және колледж студенттеріне арналған 2114 орындық 9 жатақхана бар. Алматыда 3392 орындық 8 жатақхана, Астанада – 4582 орындық 8 жатақхана, Атырау облысында – 500 орындық 1 жатақхана ашылады. Колледждер үшін Алматыда – 200 орындық 2, Астанада – 938 орындық 1, Шымкентте – 100 орындық 1, Ақмола облысында – 300 орындық 1, Қостанай облысында – 462 орындық 1 жатақхана салу жоспарланған. 2025 жылғы 5 тамыздағы жағдай бойынша 3528 орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді: Астанада – 2876 орындық 2, Түркістанда – 652 орындық 2. Жыл соңына дейін Алматыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 25 жаңа жатақхана ашу көзделген. Бұл бойынша ЖООМ министрі Саясат Нұрбек пен Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жол картасына қол қойған.

Студенттерді жатақханаларға орналастыру басымдықтарға сәйкес жүргізіледі: орындар ең алдымен әлеуметтік осал санаттарға – жетімдерге, көпбалалы отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі жастарға және ауылдық жерлерден келген бірінші курс студенттеріне беріледі. Қалған студенттерге қауіпсіздік стандарттарына сай хостелдер мен қонақүйлер ұсынылады. Бұл нысандар университеттермен келісімшарт негізінде жұмыс істейді және бөгде адамдарды қабылдамайды. Өрт қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайы оқу жылы басталар алдында, оқу барысында және аяқталғаннан кейін тексеріледі. Алматыда студенттерді орналастыруды үйлестіру үшін бірыңғай байланыс орталығы құрылды, әрбір ЖОО-да қолжетімді орындар жөнінде ақпарат беретін жағдайлық орталықтар жұмыс істейді.

2025 жылғы 20 тамызда Алматыда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен студенттерге арналған дағдарыс орталығы ашылды. Ол М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің №4 студенттік үйінде орналасқан. Орталық 55 орынға есептелген және уақытша баспана, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және медициналық көмек көрсетеді. Мұнда қолайлы бөлмелер, демалыс аймақтары, оқу орындары және медициналық кабинеттер бар.

Мемлекеттік шараларға қарамастан, кейбір студенттер пәтерді өз бетінше жалдағанды жөн көреді. Сауалнамалар көрсеткендей, себептері жатақханалардағы қолайсыз жағдай, уақыт бойынша шектеулер (әдетте сағат 23:00–00:00-ге дейін), жеке кеңістіктің жетіспеуі және пәтер жалдау құнына тең келетін хостелдердің қымбаттығы. Мысалы, Алматы техникалық университетінің студенті Ринат жатақханадан бас тартқан, себебі бөлмелер тым көп адамға арналған, тәртіпсіздік болған және түнгі ауысымда жұмыс істегендіктен, уақыт шектеулері оқуына кедергі жасаған. Ол қазір достарымен бірге айына 200–250 мың теңгеге пәтер жалдайды. Тағы екі студент қыз хостелдердің бағасы (шамамен 60 мың теңге адам басына) пәтер жалдаумен бірдей болғанымен, жайлылығы төмен екенін айтты. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенті Лаура бірінші курстан кейін жатақханадан шыққан, себебі жағдай нашар болған: 4 адамға арналған тар бөлмелер, сапасыз жиһаз, ортақ асхана мен тазаланбайтын дәретханалар. Оның айтуынша, жаңа корпустар көпшілікке қолжетімсіз.

Өскеменнен келген Алматы ұлттық медициналық колледжінің студенті Махмет жатақхана да, хостел де ала алмаған. Ол 4 жыл бойы айына 50 мың теңгеге жағдайы нашар, әжетханасы сыртта, тек суық суы бар уақытша үй жалдап тұрған. Талдықорғаннан келген Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің студенті Бекжан хостелге орналасу қиындықтарын сипаттады: ол университеттен 9 км қашықтықта орналасқан, ал ол төрт күн күткеннен кейін алты адамдық бөлмеге айына 35 мың теңгеге орналасқан. Кейін баға 45 мыңға дейін көтерілді. Интернет нашар болған, орналасқан жері қолайсыз, бірақ жақсы көршілер тұрмысты жеңілдеткен. Кейін ол достарымен 250 мың теңгеге пәтер жалдады, алайда оның жағдайы да нашар болып шыққан (ржаң су, қандала). Содан кейін ол айына 200 мың теңгеге туыстарымен бірге тұрып жатыр, психология ассистенті болып айына 120 мың теңге табыс табады.

Сонымен қатар Астана мен өңірлердегі студенттердің кейбірі жатақхана жағдайына қанағаттанған. AITU студенті Ерлан ЭКСПО аумағындағы жатақханасын ыңғайлы деп сипаттады: екі адамдық бөлмелер, әрқашан қолжетімді душ, айына 35 мың теңге ақы. Тараздағы политехникалық колледж студенті Есентай 2–3 адамға арналған бөлмесі бар, ортақ асханасы мен дәретханасы бар тегін жатақхана алған, бірақ душ 21:00-ден кейін істемейді. Ал Шымкентте политехникалық колледж студенті Нартай жергілікті және келімсек студенттердің арасындағы қақтығыстарға байланысты жатақханадан бас тартып, әкесімен бірге тұруды таңдаған.

2023 жылғы хостелдегі өрттен кейін жатақана мәселесі қоғамның талқылауынан түспей келеді. Аталмыш оқиға студенттердің тұрмыстық жағдайына бақылауды күшейтті. 2024–2025 жылдары Алматыда 10 мың орын қосу жоспарланып отыр, ал 2030 жылға дейін тағы 20 мың орын ашылмақ. Қала әкімдігінің болжамынша, бұл тапшылықты толығымен жояды. Министрлік Алматы мен Астанада студенттерді хостелдер мен қонақүйлерге орналастыру шығынын бір орынға жылына 340 мыңнан 672 мың теңгеге дейін екі есеге ұлғайтты. Университеттер жатақхана беруге міндетті, әйтпесе лицензиясынан айырылуы мүмкін. Алайда студенттер санының артуы, мысалы 2024–2025 оқу жылында күндізгі бөлімде 622 713 студент, қосымша шараларды талап етеді.

Қорытындылай келе, Алматыда студенттерге арналған тұрғын үй мәселесі әлі де күрделі. Бірақ жаңа жатақханалар салу, хостелдерді пайдалану, дағдарыс және жағдайлық орталықтар құру сияқты мемлекеттік шаралар тапшылықты біртіндеп азайтып келеді. Дегенмен, көптеген студенттер жатақханалар мен хостелдердегі қолайсыздықтарға байланысты пәтер жалдауды жөн көреді. Бұл тек орын санын арттыру ғана емес, олардың сапасын жақсарту қажеттігін де айқындайды.