Жатақхана тұрғындары шатақ шығарды

Мына бөлмеде тұратын Олеся есімді әйел 4 үйдің жуынатын жерін өзіне меншіктеп алған. Тіпті, құрылыс жұмыстарын да бастап кетіпті. Осыдан кейін қуысқа қыстырылып қалған көршісінің сыртқы есігі ашылмай қалған. Даудың арты төбелеске ұласты.

Гүлшат Тілегенова, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Көршіммен бірнеше рет төбелестім. Есігіме 80 сантиметр ғана қалдырыпты. Енді мына жердегі кір жуатын машинамды шығарып тастап, қабырға тұрғызып жатыр.

Бұл жатақхана бұрын Ресейдің Оңтүстік Орал темір жолына қараған. Тұрғындардың дені теміржолшылар. Қазір ғимарат қалалық әкімдіктің қарауына беріліпті. Шенділер құжаттарын түгендеп жатқанда, ұрымтал сәтті уысынан шығарғысы келмеген пысықайлар ондағы бөлмелерді өзара бөлісе бастаған.
-Заңсыз құрылыс жатақхананың барлық қабаттарында қызған. Ортақ дәретханалар, ас үйлер мен жуынатын бөлмелер қалталы көршілердің еншісінде кетіп жатыр. Ал қабырға тұрғызуға қаржысы жоқтардың шамасы тек шенділерді шақыртып, шырылдауға ғана жететін көрінеді.

Қалалық әкімдіктің қызметкерлері бұл бассыздыққа жол бермес үшін мынадай ескерту қағаздарын да ілген. Алайда оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Бүгін тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары өздері келіп, жұртқа түсініктеме жұмыстарын жүргізді.


Сермағамбет Құтышев, Петропавл қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы:

-Кезінде жатақхананы эксплуатацияға бергенде пожарные нормы, строительные нормы, архитектурные нормы барлығы выдержанный здесь. Сақталмай тұр. Қайтадан орнына келтіру керек.

Шенеуніктердің айтуынша, жатақхананың техникалық құжатындағы сызбадан ауытқулар анықталса, Әділет департаменті ғимаратты мемлекеттік тіркеуге қоймайтын көрінеді. Сондықтан тұрғындардың қыруар қаржы жұмсап, тұрғызған қабырғаларды қайта бұзуы тиіс. Бұған бағынбағандармен шенділер жалға алу келісім-шартын жасамай, көктем келе бөлмеден қуып шығамыз деп отыр.